Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Анонимді QirSabyn Telegram-арнасының негізін қалаушыларға қатысты сот үкімі шықты

Телефон ұстаған ер адам
Фото: istockphoto.com

Астанада кезінде танымал болған анонимді QirSabyn Telegram-арнасының әкімшілеріне қатысты сот үкімі шықты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Айыпталушылар Р.Ә. мен Р.Т-ға қылмыстық кодекстің "Адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен жасалған аса ірі мөлшерде бопсалау әрекеті" бабы бойынша айып тағылған. Аталған баптың санкциясы мүлкін тәркілей отырып, 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын көздейді.

Сот жабық режимде өтіп, іс бұқаралық ақпарат құралдары мен тыңдаушылардың қатысуынсыз қаралды.

Сот айыпталушыларды кінәлі деп таныды. 

"Сот үкімімен Р.Ә кінәлі деп танылып, оған мүлкін тәркілей отырып, 6 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Р.Т да аталған бап бойынша кінәлі деп танылып, мүлкі тәркіленіп, 6 жыл бас бостандығынан айырылды", – делінген сот хабарламасында. 

Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

Астана қалалық сотының мәліметінше, қылмыстық іс апелляциялық сатыға жіберілген. Сотталушылардың үкімге шағым түсіргені нақтыланды, алайда апелляциялық сот отырысының нақты басталу күні әлі белгіленбеген.

Еске салсақ, 2024 жылдың желтоқсанында атышулы QirSabyn анонимді Telegram-арнасын құрғандар қамауға алынғаны туралы жазған едік. Тергеушілер күдіктілерді ұстау кезінде техника, ірі көлемде ақша және өзге де заттай айғақтарды тәркілеген.

Кейін анонимді QirSabyn Telegram-арнасына қатысты істі ҰҚК тергеп жатқаны белгілі болды.

QirSabyn – Қазақстандағы саясаткерлер, блогерлер мен танымал тұлғалар туралы жеке ақпараттарды жариялап келген анонимді Telegram-арна. Арнаның 110 мыңнан астам оқырманы болған. Қазір арна өшірілген.

Дана Русланқызы
Дүйсенбі, 25 Мамыр, 2026 19:48