"2021 жылдың күзінде вакцина алған адамдар жаппай өле бастайды": Желідегі тағы бір ақпарат жұртты шошытты
What’sApp мессенджерінде COVID-19-ға қарсы вакцинацияланғандардың жақында қайтыс болатыны туралы болжам айтылған хабарлама тарады. Автор өзін Ақтөбе облысы Қандағаш қаласы Шапағат клиникасының бас дәрігері Аманжол Адаевпын деп таныстырады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Stopfake.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Таратылған аудиохабарламада 2021 жылдың күзінде COVID-19 вакцинасын алған адамдар жаппай өле бастайды делінген. Автор вакцинациядан бас тартуға және дәрігерлердің үндеуіне сенбеуге шақырады. Бұл ретте, автор өзін хирург, ӨМА қауымдастырылған профессоры, Қандағаш қаласы Шапағат клиникасының бас дәрігері Аманжол Шүңгүлұлы Адаевпын деп таныстырады.
Шындығында, профессордың вакцинацияның зияны туралы хабарламаға еш қатысы жоқ. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінен хабарлады.
- Вакцина иммунитетті нашарлатады деген хабарлама қазақстандықтарды шошытты
- "Вакцина коронавирустан толығымен қорғамайды": Қазақстандық вакцинаны әзірлеуші ғалым коронавируспен ауырғанын айтты
"Бұл аудиохабарлама шындыққа жанаспайды. Ақтөбе облысы Қандағаш қаласы Шапағат клиникасының бас дәрігері өзінің атынан вакцинациядан бас тартуға қатысты аудиожазба тарату фактісі бойынша құқық қорғау органдарына, сондай-ақ ар-намысы мен абыройын қорғау үшін сот инстанцияларына өтініш білдірді", – деді ведомство өкілдері.
Дәрігердің өзі жауап ретінде дыбыстық хабарлама жазып, ешқашан вакцинацияға қарсы болмағанын, керісінше оны көптеген қауіпті аурулардың алдын алудың тиімді және қауіпсіз әдісі деп санайтынын айтады.
Сондай-ақ, Аманжол Адаев бастапқы хабарламада өз дауысынан өзгеше дауыс естілгенін атап өтті.
Демек, таратылып жүрген аудиохабарлама өтірік және қолдан жалған. Автор өзін дәрігер ретінде таныстырып, бұрын жоққа шығарылған конспирологиялық теорияларын таратады.
Еске салсақ, бұған дейін Қазақстандық желі қолданушысы вакцина чипке айналады деп халықты шулатқан еді.