Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

107 минуттан соң тірілген ер адам "өзге әлемді көргеніне" сенімді

Винни Толман
Фото: Soft White Underbelly/YouTube

АҚШ-та ауыр атлетикамен айналысқан Винни Толман есімді ер адам 107 минут бойы тыныс алмай, кейін қайта есін жиғанын айтады. Оның сөзінше, сол сәтте ол “өзге әлемді” көріп, өмір мен өлімге деген көзқарасы түбегейлі өзгерген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Daily Mirror-ға сілтеме жасап хабарлайды.

Оқиға Винни Толман мен оның досы бодибилдингке арналған тыйым салынған қоспаны қабылдағаннан кейін болған. Көп ұзамай екеуінің де жағдайы нашарлап, олар жақын маңдағы мейрамханаға кірген. Сол жерде Толман дәретханада есінен танып құлап, басын жарақаттап, тыныс алуды тоқтатқан.

Ер адамның айтуынша, сол сәтте ол өз денесінен бөлініп, жоғарыдан қарап тұрғандай күй кешкен. Ол өзінің мойны ісіп, бетінің көгеріп кеткенін көргенін айтады.

Көп ұзамай оқиға орнына жедел жәрдем қызметкерлері жеткен. Екі тәжірибелі фельдшер оны тірілтуге тырысқанымен, нәтиже болмаған. Содан кейін олар ер адамның денесін арнайы қапқа салып, жедел жәрдем көлігіндегі жас тәжірибеден өтушіге “қарап отыр” деп тапсырған.

Толманның айтуынша, дәл сол сәтте ол ерекше қабілет пайда болғандай сезінген. Ол жас маманның ішкі ойын “естігенін” айтады. Тәжірибеден өтуші жігіт өмір белгілерін тағы бір рет тексеруді талап етпегеніне өзін кінәлап тұрғандай болған.

Ақыры сол жас маман Толманға қайтадан жасанды тыныс беріп, кейін дефибриллятор қолданған. Үш рет электр разряды жасалғаннан кейін ер адамның жүрегі қайта соға бастаған.

Осыдан кейін Толман тағы үш тәулік комада жатқан. Оның айтуынша, дәл осы уақытта ол ең таңғаларлық жайтты бастан өткерген. Ер адам өзін жарық пен махаббатқа толы әлемде жүргендей сезінген. Сол жерде ақ киім киген, Құдайға ұқсас бір бейнені кездестіргенін айтады.

Алайда ол бейне өзін Құдай емес, “жол көрсетуші” деп таныстырған. Толманның сөзінше, әлгі бейне оған басқа бір шындықты көрсеткен. Ол әлемде тіпті шөптің өзі тірі секілді көрінген. Ер адамға ол бұрыннан таныс, ескі досындай әсер қалдырған.

Есін жиғаннан кейін Винни Толман басынан өткен оқиғасын кітап етіп жазды. Оның кітабы “Өлімнен кейінгі жарық” деп аталады. Онда ол өмірдегі басты сабақ – адамның өз болмысына адал болып, шынайы өмір сүруі екенін айтқан.

Винни Толман
Фото: Soft White Underbelly/YouTube

Толман бұл оқиға оның өмір мен өлім туралы түсінігін біржола өзгерткенін айтады.

Балнұр Рахматуллақызы
Сейсенбі, 14 Шілде, 2026 18:30