Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"105 миллион теңге жымқырған": Мәдениет министрлігінің лауазымды қызметкері 6,5 жылға сотталды

Бұрынғы мәдениет және спорт министрлігі мұрағат істері және құжаттама комитеті төрағасының орынбасары мен IT компанияның директоры "Цифрлық Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде ақпараттық жүйені әзірлеуге бөлінген 105 миллион теңгеден астам қаражатты жымқырғаны үшін сотталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Мұрағат істері және құжаттама комитетінің баспасөз қызметі

Қаражатты жымқыру “құжаттардың бірыңғай электронды мұрағаты” ақпараттық жүйесін техникалық сүйемелдеуге бюджет ақшасын бөлу және аудару арқылы, компьютерлік технологиялар саласындағы терминологияны қолдана отырып, орындалған жұмыстарға қайта қосу арқылы жүзеге асырылғаны анықталды.

Мәліметтерге сүйенсек, техникалық жобаны бұрын мердігердің өзі әзірлеп, пайдалануға енгізді және кепілді техникалық сүйемелдеу бойынша міндеттемені қабылдаған.

Алайда комитет басшылығы іске асырылған жұмыстарға бюджет қаражатын бөліп, оны орындалған жұмыстардың жалған актілері бойынша АЖ әзірлеушісіне қайта аударды.

Ұрланған ақша қаражаты қылмыстық шығу тегін жасыру және заңды айналымға енгізу мақсатында сенімді тұлғаларға ресімделген қымбат жылжымалы және жылжымайтын мүлікті сатып алуға бағытталған.



Сот үкімімен сотталушылардан келтірілген залал сомасы өндіріліп, әрқайсысына 6,5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Сонымен қатар бұрынғы мемлекеттік қызметкер мемлекеттік лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына және мемлекеттік наградалардан айырылды. Ал мердігер компанияның басшысы 7 жыл мерзімге коммерциялық және коммерциялық емес ұйымдарда басшылық лауазымдарды атқару құқығынан айырылды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Еске салайық, бұған дейін ұрланған қаражатты заңды айналымға тартқан Әнуарбек Жексенғалиевтің мүлкі тәркіленіп, 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылғанын жаздық. Қаржы мониторингі агенттігі қылмыстық кіріс көлемі 4,3 млрд теңге болғанын хабарлады. Параллельді қаржылық тергеу көмегімен қылмыстық активтерді жылыстатудың күрделі схемасы зерттелді.

Талқылау