115 мың қазақстандықтың мобильді аударымдарына қатысты тексеріс басталады: Оларға не істеу керек

Қазақстанның қаржы министрлігі екінші деңгейлі банктермен бірлесіп мобильді аударымдарға жүргізілген аудитті аяқтады. Тексеру барысында шоттарындағы операциялары күмән тудырған 115 мың азамат анықталған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қаржы министрі Мади Такиевтің айтуынша, банктік жүйелерді мониторингтеу кезінде аударымдардың қалыптан тыс көлемі тіркелген. Күмәнді транзакциялардың жалпы сомасы 1 триллион теңгеден асқан.
Тексеру нәтижесінде негізінен ірі компаниялар емес, қарапайым азаматтар мен өзін-өзі жұмыспен қамтыған қазақстандықтар назарға іліккен.
67 мың жеке тұлғаның банк карталарына шамамен 670 миллиард теңге түскен, 7,8 мың Қазақстан азаматы емес тұлға да салық органдарының бақылауына алынған.
Ресми тіркелген жеке кәсіпкерлердің үлесіне небәрі 200 миллиард теңге тиесілі болған.
Министрдің сөзінше, тексеруге көбінесе төлемдерді кассалық аппаратсыз жеке банк карталары арқылы қабылдайтын такси жүргізушілері мен курьерлер ілігіп отыр.
Салық органынан хабарлама келсе не істеу керек?
Қаржы министрлігі хабарлама жіберілуі айыппұл салынды дегенді білдірмейтінін атап өтті. Бұл тек түсініктеме беруді талап ететін ескерту.
Егер азамат төмендегі жағдайларды дәлелдей алса, салық органдарының талабы күшін жояды:
- Туыстардан келген сыйлық немесе қаржылай көмек болса;
- Қарыздың қайтарылған қаражаты болса;
- Қайырымдылыққа, әріптестің туған күніне немесе мектеп пен балабақша қажеттіліктеріне ақша жинау мақсатында түскен қаражат болса.
Мамандар мұндай жағдайларда қаражат жинау мақсатын растайтын мессенджерлердегі хат алмасулардың скриншоттарын сақтап жүруге кеңес береді.
ОқыңызҚандай жағдайда салық төлеуге тура келеді?
Егер азамат жеке Kaspi немесе Halyk картасына тұрақты түрде қызмет көрсеткені үшін төлем қабылдап отырса (мысалы, такси қызметі, жеткізу, жалға беру және т.б.), мұндай табыс кәсіпкерлік қызметтен түскен кіріс ретінде қарастырылады.
Бұл жағдайда азаматтар жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, тиісті салықтарды төлеуге, кассалық аппаратсыз жұмыс істегені үшін айыппұл төлеуге міндеттелуі мүмкін.
Мамандар азаматтарға үш маңызды кеңес берді:
- Хабарламаға мұқият болыңыз. Салық төлеушіге жауап беру үшін 30 жұмыс күні беріледі. Хабарламаға жауап берілмесе, банк шоттарына тыйым салынуы мүмкін.
- Банктен аударымдар тарихын сұратыңыз. Даулы кезеңдегі операциялар тарихын банк қосымшасынан жүктеп алып, қаражаттың заңды жолмен түскенін дәлелдейтін құжаттарды жинаңыз.
- Қызметіңізді заңдастырыңыз. Өзін-өзі жұмыспен қамтып жүрген азаматтар үшін ең қауіпсіз жол – арнайы мобильді қосымша арқылы жеке кәсіпкер ретінде тіркелу. Мұндай салық режимінде мөлшерлеме небәрі 1 пайызды құрайды.
Айта кетейік Қазақстанда жалпыға бірдей декларациялаудың соңғы кезеңі аяқталды. Енді елдегі 10 ірі банктің мобильді аударымдар туралы мәліметтері автоматты түрде салық органдарына жіберіледі.
Еске салсақ, қаржы министрлігі 2026 жылдың бірінші тоқсанындағы мобильді аударымдар деректерін талдағаннан кейін азаматтарға хабарламалар жібере бастаған еді.
Мобильді ақша аударымдарына қатысты ескерту алған қазақстандықтарға есеп беру үшін 30 күн берілетінін жазғанбыз.
Мамандар шәйнектегі қақ пен су сапасының байланысын түсіндірді: Шөгінділерге алаңдамауға кеңес берілді