Депутат елімізде ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істейтін шетелдіктерді көбейтуді сұрады

Қазақстанда ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істейтін шетелдіктердің санын арттыру ұсынылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Депутат Серік Егізбаевтың айтуынша, ауыл шаруашылығы саласындағы кәсіпкерлер егістік пен мал шаруашылығы жұмыстарын атқаратын жұмыс күшін таппай жатқанын жиі айтады.
Оқыңыз“Өткен жылы Қазақстанда ресми түрде 14 210 шетелдік еңбек еткен. Олардың тек 3 475 адам немесе 25%-ы ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істеген. Ал үй шаруашылығындағы жұмыстарды атқару үшін елге шамамен 324 мың шетел азаматы келген. Алайда іс жүзінде фермерлер жұмысқа бұдан да көп адамды тартады. Бірақ көбіне оны ресми тіркемейді”, – дейді депутат.
Депутаттың айтуынша, шетелдік жұмыс күшін тартуға қойылған талаптар кәсіпкерлердің жұмысын қиындатып отыр. Атап айтқанда, бір мекенжайға тіркелетін шетелдіктер саны шектелген және олар тіркелген жерінде ғана еңбек ете алады.
“Бұл талаптар әсіресе мал шаруашылығымен айналысатын қожалықтарға қиындық туғызады. Өйткені мұндай шаруашылықтардың жұмысы көбіне елді мекендерден жүздеген шақырым қашықтағы жайылымдарда жүргізіледі. Ұлытау облысындағы шаруалар көші-қон қызметі тарапынан тексерулердің көбейгеніне шағымданған. Олардың пікірінше, тексерулер құқық бұзушылықтардың алдын алуға емес, әкімшілік жауапкершілікке тартуға көбірек бағытталған”, – деді Егізбаев.
Осыған қатысты депутат маусымдық ауыл шаруашылығы жұмыстарының ерекшелігін ескеріп заңнамаға талдау жүргізуді ұсынды.
“Шетелдік жұмысшыларды тіркеу мен көші-қон бақылау тетіктерін жетілдіруді, аграрлық секторға шетелдік жұмыс күшін тарту рәсімдерін жеңілдетуді және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге негізсіз әкімшілік қысым көрсетуге жол бермеуді сұраймыз”, – деді депута.
Бұдан бөлек, депутат мәселені талқылау үшін мемлекеттік органдар мен аграрлық қауымдастық өкілдерінің қатысуымен арнайы ведомствоаралық кеңес өткізуді ұсынды.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстандық фермерлер шетелден келетін қызанақтардың кесірінен банкрот болатынын мәлімдегені туралы жазған едік.
Қаскелеңдегі атышулы құпия ит сою орны мен ет тасымалы: Бес жылдан кейін іс немен аяқталды?