Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Артында екі қызы қалды": Талғарда әкесінің қабіріне құран бағыштауға барған жігітті пышақтап өлтіріп кетті

қаза
Фото: Жасанды интеллект арқылы жасалды

Алматы облысы Талғар ауданы Нұра ауылында 20 жастағы жігіт 24 жастағы ер адамды екі жерден пышақтап өлтірді. Марқұм ағасымен бірге әкесінің қабіріне құран оқып, зираттан қайтып келе жатқан. Оның артында екі кішкентай қызы қалды. Қыздарының бірі жуырда ғана бір жасқа толған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Журналист Нұртай Лаханның мәліметінше, жанжал үш жігіттің көліктің барлық есігін ашып, жолды жауып тұрғанынан басталған. Марқұм өту үшін есіктерді жабуды сұраған, алайда оған әлгі үшеу дөрекі жауап қайтарған. Олар “керек болса айналып өт” деп жауап қайтарған. Марқұм жанжалдаспай үйіне қайтып кеткен. Алайда әлгі үшеу соңынан еріп келіп, жігіт көліктен шыққан сәтте оны өкпе тұсынан екі рет пышақтаған.

Полиция үш күдіктіні ұстады. Оларға қатысты “Адам өлтіру” және “Бұзақылық” баптары бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Ауыл тұрғындарының айтуынша, оқушылар арасында пышақ алып жүру жиілеген. Бұған дейін 7-сынып оқушысы сыныптасының аяғына пышақ сұққан жағдай болған. Тағы бір бала пышақтан қашып, өзге үйлердің ауласына тығылғаны айтылды.

Талғардағы резонанс тудырған іс

Еске салсақ, қайғылы жағдай 2024 жылғы 4 қазан күні Талғар қаласында болған еді. 16 жастағы Шерзат Полат әкесіне дүкенде көмектесіп жүргенде өлімге әкелетін жарақат алған. Сатып алушымен жанжал қолма-қол төбелеске ұласқан, онда пышақ қолданылған. Жасөспірім және оның ағасы Нұрқанат Ғайыпбаев жараланған, Шерзат ауруханаға жетпей қаза тапты.

Тергеуді ішкі істер министрі жеке бақылауға алған. 5 маусымда сот тоғыз адамды кінәлі деп таныған. Абзал Шынасыл 23 жылға, Равиль Сакиев 20 жылға, Азамат Токтаубаев 15 жылға, Нуркияс Ільясов 9 жылға, тағы төртеуі – әрқайсысы 7 жылға бас бостандығынан айырылған. Кәмелетке толмаған қатысушы 1,5 жылға сотталып, кейін босатылған. Апелляциялық сот үкімді өзгеріссіз қалдырған. Тергеу кезінде белгісіз адамдар Шерзаттың отбасының үйін өртеп жіберген. Ал желтоқсанда Талғарда оның ағасының мәйіті табылған. Ресми нұсқа бойынша, ол өзіне қол салған.

Stan.kz
Сейсенбі, 12 Мамыр, 2026 15:10