Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ақшасыз қалдық": Қазақстандықтар шоттарының бұғатталуына жаппай шағымдануда

Фото: istockphoto.com

Әлеуметтік желілерде қазақстандықтар жеке және бизнес шоттарының бұғатталуына жаппай шағымдануда. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Threads желісінде шоттарының бұғатталғанына шағымданған қазақстандықтардың жазбалары тарады. Хабарламалардан бұғаттаудың жаппай сипатта екенін байқауға болады. Ал себептері әзірге белгісіз.

"Бүгін шоттардың негізсіз жаппай бұғатталғанын көріп отырмыз. Мемлекеттік кірістер комитетінің түсініктемесін күтеміз", — деп жазды желі қолданушыларының бірі.

Көпшілік шотты бұғаттан қалай шығару керек екеніне және бұл жұмысты кім жүргізетініне қызығушылық танытып отыр.

Тағы бір желі қолданушы шотының бұғатталуының себебі ретінде "камералдық бақылау бойынша бұзушылықтарды болдырмау туралы хабарламаны орындамағаны" көрсетілген скриншотты жариялады. Алайда ер адам өзінің айыппұлдары пен салықтарының барлығын төлегенін, бұғатталудың себебін таба алмағанын айтады.

"Мен ақшасыз қалдым. Барлық жеке шоттарым бір сәтте бұғатталды. Техникалық қате деп айтып жатыр. Автоматты түрде бұғаттан шыққанын күтіңіздер дейді. Қанша уақыт күтетінімізді ешкім білмейді. Автотұрақтан шығу үшін тіпті жүріп барып ақша сұрауға тура келді" — деп жазды тағы бір қазақстандық.

Жазбаларға пікір қалдырушылар жүйеде қате барын айтып, колл-орталыққа қоңырау шала алмай отырғандарына шағымданды.

Мемлекеттік кірістер комитеті салықтық әкімшілендіруді цифрландыру аясында камералдық бақылау процестерін толық автоматтандыру бойынша іс-шаралар жүргізіліп жатқанын хабарлады.

Комитет мәліметінше, жаңа әдістемені енгізу барысында қате анықталған, соның нәтижесінде камералдық бақылаудың жекелеген хабарламалары бойынша банктік шоттардағы шығыс операциялары негізсіз тоқтатылған.

“Аталған қате жойылды. Банктік шоттар бойынша шығыс операцияларын тоқтату туралы бұрын қалыптастырылған өкімдерді кері қайтарып алу жұмыстары жүргізілуде, олардың бір бөлігі қазір кері қайтарылды. Жұмыстар 2026 жылғы 10 сәуірде аяқталады”, – делінген хабарламада.

Мемлекеттік кірістер комитеті қазақстандықтардан келтірілген қолайсыздықтар үшін кешірім сұрады.

Еске салсақ, бұған дейін сәуірде банктер қазақстандықтардың мобильді аударымдары туралы мәліметін салық органдарына беретіні туралы жазған едік.

Дана Русланқызы
Бейсенбі, 09 Сәуір, 2026 19:38