Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жылдамдық азайған соң жол ақысы да қымбаттады": Қазақстандықтар самокатқа қатысты петиция жариялады

самокаттар петиция
Фото: magnific.com

Қазақстанда жалға берілетін электросамокаттардың жылдамдық шектеуін арттыруды талап еткен үшінші петиция іске қосылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Петиция авторы Мұстафа Ноғайбектің айтуынша, жылдамдықтың шақырымына 15 сағатқа дейін төмендеуі жолға кететін уақытты ұзартып, жалдау құнын қымбаттатқан. Оның сөзінше, бұрын белгілі бір бағытқа 500 теңгеге жетуге болса, қазір жол ақысы одан да жоғары шығатын болған. Сонымен қатар ол мұндай өзгеріс студенттердің оқу үлгеріміне де кері әсер етіп жатқанын айтты.

Алматы тұрғындарының басым бөлігі бұл ұсынысты қолдамады. Олардың пікірінше, жылдамдықты шектеу самокат жүргізушілері, жаяу жүргіншілер және көлік жүргізушілері үшін қауіпсіздікті арттырады. Сондай-ақ тұрғындар бірнеше адамның бір самокатпен жүруі сияқты ережебұзушылықтардың өзінде қауіпті жағдайлар жиі кездесетінін атап өтті.

Электросамокаттарға қатысты жаңа ережелер 1 шілдеден бастап күшіне енгеннен кейін мұндай петициялар көбейе бастады. Осыған байланысты қоғам белсенділері бұл бастамалардың артында кикшеринг компаниялары тұруы мүмкін деген күмән келтіреді.

Автосарапшы Алексей Алексеевтің пікірінше, бірнеше бірдей мазмұндағы петицияның қатар пайда болуы олардың ұйымдастырылған түрде жарияланғанын көрсетуі мүмкін. 

"Бұл петициялардың бастамашысы кикшеринг компаниялары болуы әбден мүмкін. Себебі қазақстандықтар әлеуметтік мәселелер бойынша мұндай белсенділік таныта бермейді. Оның үстіне мазмұны ұқсас, талаптары бірдей бірнеше петицияның қатар пайда болуы бұл құбылысты жаппай қолдау бар сияқты көрсету әрекеті болуы ықтимал. Бірақ үш-төрт петицияның өзі мұны жаппай қоғамдық пікір деп айтуға негіз болмайды", – деді сарапшы.

Мұстафа Ноғайбектің петициясына 120-дан астам адам қол қойған. Ал оны ресми қарауға шығару үшін e-Petition платформасында 23 мыңнан астам қол жинау қажет.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда электрсамокаттардың тротуармен жүруіне тыйым салатын заң қабылданған еді. Өзгеріс 25 тамыздан бастап күшіне енеді. Осы күннен бастап тротуармен жүрген электрсамокат жүргізушілеріне Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 615-бабы бойынша 2 АЕК (8650 теңге) көлемінде айыппұл салынады. Бұған дейін самокат жүргізушілеріне жаяу жүргіншілерге қауіп төндірмей, сағатына 6 шақырымнан аспайтын жылдамдықпен тротуармен жүруге рұқсат етілетін.

Айым Атамбаева
Сәрсенбі, 29 Шілде, 2026 18:00