"Зорлағандардың арасында 60-тан асқандары да бар": Түркістан облысында 17 еркек қорлаған қыздың сенімді өкілі істің қалай жүріп жатқанын айтып берді
Түркістан облысы Сарыағаш ауданында зорланған 17 жастағы қыздың оқиғасы жұртты дүр сілкіндірген еді. Анасының айтуынша, қызын 17 еркек 4 күн бойы жабылып зорлаған. Алғашында жәбірленушінің жақындары "біреулер үйлену үшін қызымызды алып қашып кеткен шығар" деп ойлағандарын да жасырмайды. Stan.kz тілшісі өзіне зардап шеккен қыздың сенімді өкілімін деп таныстырған журналист Амангелді Батырбековпен мән-жайды сұрастырып білді.
– Амангелді аға, осы тергеудің әділ жүргізілуін талап етіп, белсенділік көрсетіп жатырсыздар. Оқиға туралы айтып берсеңіз.
– Зорланған қыз Құркелес ауылдық округіндегі Жаңаарық ауылында тұрады. Ал күдіктілер – Жартытөбе ауылдық округіндегі Бостандық, Ынтымақ ауылының тұрғындары. Екі ауыл бір-біріне жақын орналасқан. Біздің Сарыағашта халық өте тығыз. Қыз бір аптадай үйінде болмаған. Басында қыздың анасы "баламызды алып қашып кетті" деп ойлаған екен. Олар енді "біреу бізге құдалыққа түсіп келеді" деумен бастапқыда аса мән бермепті. Бес-алты күн өткеннен кейін барып, қыздың анасы аудандық ішкі істер бөліміне арызданған. Қыздың нағашы атасы көрші ауылда тұрады екен. Атасы "немере қызды біреулердің ауласынан көрген сияқтымын" деп қызына айтады. Олар "біз жоғалтып алдық қой, ойбай, онда сол" деп полиция қызметкерлеріне осылай арыз береді. Алғашында адам ұрлау бойынша қылмыстық іс тіркелген. Құқық қорғау қызметкерлері бір күннің ішінде қыздарын тауып беріпті. Қыз осы кезде анасына болған жайттың барлығын айтады. Өзінің 17 еркектен зорлық көргенін жеткізеді. Енді қайтадан адам зорлау бойынша қылмыстық іс қайта тіркелді. Осы екі ортада араға небір алаяқтар түсіп, әртүрлі жағдайлар болды. 17 еркектің туыстары ортаға адамдарын салып, "мұны айтпаңдаршы, бізге ұят болады ғой” деп айтқан. "Қызды оқуға түсіреміз, қалаған пәтерлеріңді алып берейік" деген ұсыныстарын айтыпты. Бұлардың барлығының да видеолары бар. Тіпті, 8 миллион теңге әкеліп берген. Анасы тергеушілерден "Енді не істейміз?" деп сұраған екен. Полициядағылар "8 миллион емес, 80 миллион әкелсе де сотталады" деген. Өйткені қыз кәмелет жасына толмаған. Шешесі сегіз миллионды алып қойған. Еркектердің ішіндегі біреуі "істі неге тоқтатпайсыңдар" деп өзі тағы қоқан-лоқы да жасапты. Қыз өзі анасына "ақшаны неге алдыңдар" деп бір-екі рет өзіне қол жұмсамақ болған. Ауданға облыстық полиция департаментінен арнайы генерал келді. Мені және барлығын да беттестіріп шақырды. Көптеген мәселелер айтылды. Бұрынғы тергеушілерге сенімсіздік білдіріп, қазір облыстық департаментінің тергеушілері істі жүргізіп жатыр.
– Күдікке ілінгендер қыздың отбасына басқа да ұсыныстар айтып жатқан жоқ па?
– Ең бірінші қызды алып кеткен жігіт "өзім қызға үйленемін" деп жатыр. Олар бір-біріне қызды алмастыра берген ғой. Аудандағы жиында генерал "айналайын, қызым-ау, 17 адамды бірдең қамау оңай шаруа емес! Әрқайсысының Конститутциялық құқығы бар. Барлығы да сені зорлады ма?" деп еді, қыз барлығының да зорлағандығын айтты. Қызы қайта-қайта суицидке бара берген соң, анасы "қызымның есіне қайта-қайта түсіп, қиын болмаса екен" деп сол күнгі киімдерін отқа жағып тастаған. Кейбіреулер "шешесі әдейі жасады" деп жатыр. Енді барлығы тергеу аяқталған соң белгілі болады. Көптеген дүниенің бәрін ашып айта алмаймыз. Өзімнің осы айтқан барлық сөздеріме жауаптымын. Кейбіреулер "анасы қызын сатты" деп айтып жатыр ғой. Мүлдем ондай емес! Ол кісі қызын сатпаған. 17 адамның өздері алдарына келіп жалынып, ішіндегі бір бес-алтауы ма, солар сегіз миллионды жинап беріпті. Шешесі де ақшаны алғанын мойындап отыр. Өздеріңіз ойлап қараңыздаршы? 17 еркек жасөспірім қызды зорлайды да, сегіз миллион теңгені беріп құтылып кете берсе не болғаны? Маған анасы келіп арыз жазған соң, мен оны қоғамға шығардым.
– Тергеу нақты қай кезге дейін созылады дейді?
– Тергеу шамамен әлі бір айдай жүретін шығар. Ол туралы маған да хабарласып, арнайы журналистерден Мәскеуге шақырып жатқандары бар. Тергеу аяқталмай жатып, барғанымда дұрыс емес. Өзімнің қызымды орнына қойып көріп, осындай тәуекелге бардым. Қолымнан бар келетінімді жасап жатырмын. Қыз баласын тәрбиелеп отырған адамдармыз ғой, істері барып тұрған айуандық.
– Күдіктілер уақытша болса да қамауға алынған ба?
– Ешқайсысы да қамауда емес. Жоғарыда айтқанымдай, қызды ең бірінші алып кеткен жігіт "мен оны сүйемін, күйемін" деп жатыр. Тіпті, ата-анасы құда түскісі келеді екен. Бұл жерде ойлаймын, 17 адаммен болған қызға ғашық болып емес, басқаларының қылмыстық жауапкершіліктен жалтару үшін жасалынып жатқан сияқты. "Біреуімізге тұрмысқа шықса, басқаларымыз құтылып кетеміз" деген әккі ойларының болуы әбден мүмкін. Жігіттердің жас шамалары да әртүрлі. 20 жастан бастап 60 жастан асып кеткені де бар. Араларынан біреуі маған "аға, сіздер дұрыс білмейсіздер" деп алдыма келген.
Мен жәбірленушінің сенімді өкілімін. Бірақ тергеуге араласып жатқаным жоқ. Егер тергеу әділ жүргізілмесе, өзім де араласуға мәжбүр боламын. Жәбірленушілердің жеке қорғаушысына да талабымды айттым. Тергеу бейне байланыспен өтіп, кәмелетке толмаған қыз тек қана қорғаушының қатысуымен ғана жауап беруі керек деп. Бұл кісілер қазақ тілінде тек тұрмыстық тілімен ғана сөйлейді. Әдеби тілмен жеткізе алмай қалуы мүмкін. Сондықтан міндетті түрде аудармашыны да қатыстыру керек. Осы шарттарымыз орындалмаса, өзіміздің қарсылығымызды әлі де жеткізетін боламыз.
– Сізге көр рахмет! Алдағы уақытты сіздермен байланыста боламыз. Бізде қоғам болып тергеудің әділ өтуін және кінәлілердің жазалануын талап етеміз. Сау болыңыздар!
– Рахмет! Сіздер де сау болыңыздар!
Сұхбаттасқан: Қадірәлі САРЫПБЕК