"Жолды бүлдіріп тастайды": Қазақстанда ауыр жүк көліктеріне бақылау күшейтілмек

Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев ауыр жүк көліктері жолдарды бір маусымның ішінде бүлдіріп тастайтынын айтып, оларға Астана ішінде жүруге тыйым салынатынын мәлімдеді. Кейін мұндай шара басқа қалаларда да енгізілуі мүмкін. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қазақстанда елді мекендер ішінде ауыр жүк көліктерінің қозғалысына бақылау күшеймек. Министрдің айтуынша, ауыр жүк көліктері мұндай жүктемеге есептелмеген жолдарға айтарлықтай зиян келтіреді.
“Елді мекен ішінде ауыр жүк көліктерінің жүруіне негіз жоқ. Біз шамамен 220 автоматтандырылған өлшеу жүйесін сатып алып жатырмыз. Бір осіне түсетін салмақ 8 тоннадан асатын көліктер қалаға кірмеуі керек. Қазір Астананың айналасында осындай автоматтандырылған жүйелер желісін құрып жатырмыз”, – деді министр.
Оның сөзінше, “Сергек” камералары жүк көлігінің нөмірін автоматты түрде анықтайды. Егер ауыр жүк көлігі арнайы өлшеу жүйесінен өтпесе, бірден айыппұл салынып, көлік айып тұрағына жіберіледі.
Министр Астанадағы пилоттық жоба ай соңына дейін аяқталатынын айтты. Кейін осындай жүйені еліміздің басқа қалаларында да енгізу жоспарланып отыр.
“Қазір “Сергек” ешнәрсені жібермейді, бәрін көріп тұр. Жүйені толық аяқтауымыз керек. Сонда ауыр жүк көліктері қалаға кірмейді деп үміттенемін”, – деді Сауранбаев.
Көлік министрлігінің мәліметінше, кей карьерлік жүк көліктерінің салмағы 60 тоннаға дейін жетеді. Бұл шамамен теміржол вагонының салмағына тең. Алайда қалалық жолдар мұндай жүктемеге арналмаған.
Министрдің айтуынша, ауыр техника жолдарды ғана емес, тұрғын үйлердің жағдайына да әсер етуі мүмкін.
“Мемлекет жол жөндеуге қаржы жұмсайды. Ал мұндай көліктер мемлекет жасағанның бәрін бүлдіруі мүмкін. Сондықтан ауыр жүк көліктерінің жолға шығуы қатаң бақылауға алынады”, – деді министр.
Айта кетейік, бұған дейін Алматыда жүк көліктерді заңсыз тіркеген ХҚКО қызметкерлері ұсталғаны туралы жазған едік.
"Жүрегім Қазақстан деп соғады": Елімізді ұнатып қалған үндістандық боксшы енді Қазақстан атынан сынға түспек
Оқыңыз