Volvo жүк тартқыш көліктері Қазақстандағы Astana Motors зауытында шығарылады

Астанада Astana Motors коммерциялық техника зауыты мен Volvo Group арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжатта Қазақстанда Volvo жүк тартқыш көліктерін өндіруге дайындық жұмыстары қарастырылған.
Қол қою рәсімі 12 маусымда Қазақстан мен Швеция арасындағы экономикалық ынтымақтастықты дамыту аясында, Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков және Швеция Корольдігінің СІМ сауда мәселелер бойынша Мемлекеттік хатшысы Диана Янсе ханымның қатысуымен өтті.
Меморандумға Astana Motors коммерциялық техника зауытының директоры Әділбек Гаев, Volvo Kazakhstan бас директоры Радиф Хасанов және Volvo Truck Corporation компаниясының аға вице-президенті Роберт Гроздановский қол қойды.
Astana Motors зауытын Volvo көліктерінің өндіріс орны ретінде таңдау туралы шешім Volvo Group компаниясының кешенді бағалауынан кейін қабылданды. Халықаралық өндіруші зауыттың өндірістік процестерін, сапаны бақылау жүйесін, техникалық инфрақұрылымын және компанияның корпоративтік стандарттарына сәйкестігін тексерді.
Өндірістің дайындық жұмыстарын 2026 жылдың төртінші тоқсанында аяқтау жоспарланып отыр.
Жобаның Қазақстандағы бастапқы кезеңі жалпыға ортақ пайдаланылатын жолдармен алыс қашықтыққа жүк тасымалдауға арналған 4x2, 6x2 және 6x4 конфигурациялары бойынша Volvo FH13 жүк тартқыш көліктерін шығаруды көздейді. Сонымен қатар құрылыс саласы, карьерлер мен күрделі жол жағдайына арналған Volvo FMX13 көліктерін шығару да қарастырылуда. Моделдік қатарға 4x2, 4x4, 6x2, 6x4, 6x6 және 8x4 нұсқалары кіреді.
Қазақстан аумағындағы өндіріс SKD технологиясы бойынша жүзеге асып, бірқатар операциялар, оның ішінде жүк техникасын құрастыруда ең күрделі кезеңдердің бірі - раманы шегелеу жұмыстары орындалады.
Жобаны іске қосу үшін кәсіпорында Volvo Group талаптарына сәйкес өндірістік және бақылау аймақтарын қосымша арнайы жабдықтармен жарақтандыру көзделген.
ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі жобаны іске асыру Қазақстанның машина жасау саласын дамытуда және еліміздің коммерциялық техника өндірісі саласындағы құзыреттерін кеңейтуде маңызды кезең болатынын атап өтті. Әлемдегі жетекші жүк көліктерін өндірушілердің бірімен ынтымақтастық өнеркәсіптік кооперацияны дамытуға, кадрлар даярлауға және отандық автокөлік саласының өндірістік әлеуетін одан әрі нығайтуға ықпал ететін болады.
Қазақстандық түрмелерде енді сотталғандар отбасымен видеотаксофон арқылы сөйлесе алады