Қазақстанда алтын бағасы 9 айдағы ең төменгі деңгейге түсті

12 маусымдағы жағдай бойынша Қазақстанда алтынның ресми бағамы кейінгі 9 айдағы ең төменгі көрсеткішке дейін арзандады. Қазір 1 грамм бағалы металдың құны 63 979,59 теңге болып тұр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жыл басында елдегі алтын бағасы рекордтық деңгейге жақындап, 1 грамы 90 мың теңгеге жуықтаған еді. Алайда кейін жарты жылда Ұлттық банк белгілейтін ресми бағам біртіндеп төмендей бастады.
Қазақстан Ұлттық банкінің деректеріне сүйенсек, 12 маусымда алтынның 1 грамы 63 979,59 теңгеге дейін арзандаған. Бұл – кейінгі 9 айдағы ең төменгі көрсеткіш. Бұған дейін осыған жақын баға 2025 жылғы 18 қыркүйекте тіркелген. Ол кезде 1 грамм алтын 63 830,30 теңге болған.
Сарапшылар бұған дейін 2026 жылы алтын бағасы күрт өсуі мүмкін екенін ескерткен еді. Олардың сөзінше, бұған алыпсатарлық сұраныс әсер етуі ықтимал болған. Яғни кей инвесторлар алтынды ұзақ мерзімді сақтық үшін емес, кейін қымбатқа қайта сату мақсатында сатып алған.
Нарықта мұндай жағдай жиі кездеседі: сұраныс артқан кезде алтын бағасы тез қымбаттайды, ал баға шарықтау шегіне жеткен соң инвесторлар пайдасын бекітіп, активтерін сата бастайды. Соның әсерінен бағалы металдың құны қайта төмендеуі мүмкін.
Айта кетейік, қазақстандықтар алтынды цифрлық форматта да, нақты құйма түрінде де сатып ала алады. Елде салмағы 5 грамнан 100 грамға дейінгі алтын құймалар сатылады.
Қазақстандық түрмелерде енді сотталғандар отбасымен видеотаксофон арқылы сөйлесе алады
Оқыңыз