Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Мұғалімдер оқушылар үшін тек жұмыс уақытында жауапты болады – Тоқаев заңға қол қойды

Тоқаев құжатқа қол қойды
Фото: akorda.kz

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кейбір заңнамалық актілердегі өзгерістерге қол қойды. Оның ішінде педагогтер мәртебесін ерекше атап көрсетілген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Ақорданың мәліметінше, заңның мәтіні баспасөзде жарияланады.

“Мемлекет басшысы "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне педагог мәртебесі, білім беру, денсаулық сақтау және баланың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды”, – делінген хабарламада.

Осылайша президент заңға қол қойып, мұғалімдердің оқушылар үшін жауапкершілігі тек жұмыс уақытымен шектелетінін бекітті. Сондай-ақ заңға сәйкес, білім беру саласындағы заңнамада көзделмеген кез келген есептер мен ақпараттарды педагогтардан талап етуге тыйым салынады.

Қосымша түрде мұғалімдерден құжаттарды бір мезетте қағаз және электронды форматта қайта тапсыру талап етілетін жағдайлар үшін әкімшілік жауапкершілік енгізіледі.

Заң мектептерде смартфондарды пайдалану мәселесін де реттейді. Оқу-ағарту министрлігіне мектептерде ұялы телефондарды пайдалану ережелерін бекіту құқығы беріледі.

Жаңа нормаларға сәйкес:

  • сабақ барысында телефондар дыбыссыз режимде болуға тиіс және мұғалімнің рұқсатынсыз қолданылмайды;
  • бақылау жұмыстары мен емтихандар кезінде смартфондарды қолдануға толық тыйым салынады (мұғалімнің шешімімен кейбір жағдайларды қоспағанда);
  • гаджеттерді тек білім беру мақсатында ғана пайдалануға рұқсат етіледі, мысалы цифрлық платформалар мен оқу жобалары үшін.
Гүлсезім Мұхатай
Жұма, 12 Маусым, 2026 17:24