Қазақстанда тұтынушылық қарыздың шекті пайызы қайта қаралмақ

Қазақстанда халыққа берілетін тұтынушылық несиелер бойынша ең жоғары пайыздық мөлшерлемені есептеу тәсілі өзгеруі ықтимал. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бұл бағытта Ұлттық банкпен бірлесіп жаңа әдісті сынақтан өткізіп жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Мұны агенттік төрағасы Мәдина Әбілқасымова Taldau Talks подкастында айтты. Әңгіме барысында базалық мөлшерлеменің несие нарығына әсері сөз болды.
Әбілқасымованың айтуынша, базалық мөлшерлеме өскен сайын банктер үшін қарыз қаражаты қымбаттайды. Соның салдарынан несие пайызы да көтеріледі. Мұндай әсер, әсіресе, бизнеске берілетін қарыздарда айқынырақ байқалады.
Ал жеке тұлғаларға арналған тұтынушылық кредиттерде жағдай басқаша. Себебі мұндай қарыздар бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің шекті деңгейі белгіленген. Сондықтан базалық мөлшерлеме мен халыққа берілетін несие пайызы арасындағы байланыс бизнес кредиттеріндегідей тікелей емес.
Реттеуші басшысының сөзінше, қазір банктер тұтынушылық кредит бойынша әртүрлі мөлшерлеме ұсынады. Алайда кейбір қаржы ұйымдары қарыз алушының нақты кредиттік тәуекелін толық ескермей, ең жоғары рұқсат етілген пайызды қолдана береді.
“Бірақ қарыз алушының кредиттік тәуекеліне қарамастан, пайыздық мөлшерлеменің шекті деңгейін белгілейтін бірқатар банк бар. Мұнда базалық мөлшерлемемен байланыс әлсіз екенін көріп отырмыз. Осыған байланысты қазір тұтынушылық қарыздар бойынша шекті мөлшерлемені белгілеу тәсілін өзгертуді жоспарлап отырмыз. Яғни мөлшерлемені нарықтағы орташа мәнге қарай айқындау ұсынылып отыр. Бұл тәсіл қазір Ұлттық банкпен бірлесіп сынақтан өткізіліп жатыр”, – деді Мәдина Әбілқасымова.
Оның айтуынша, жаңа әдістеме әзірге мониторинг режимінде іске қосылған. Алдымен нарықтағы жағдайға талдау жасалады. Соның қорытындысы бойынша тұтынушылық кредиттерге жаңа шекті мөлшерлеме енгізу мүмкіндігі қаралады.
Қазақстандық түрмелерде енді сотталғандар отбасымен видеотаксофон арқылы сөйлесе алады
Оқыңыз