"Интергаз Орталық Азия" газ тасымалдау жүйесінің объектілері бойынша баспасөз турын өткізді

"Интергаз Орталық Азия" АҚ Алматы қаласы мен Алматы облысында орналасқан газ тасымалдау инфрақұрылымы объектілері бойынша баспасөз турын өткізді. Іс-шараның мақсаты – тұрғындарға магистральдық газ құбырларының күзет аймақтарында қауіпсіздік талаптарын сақтаудың маңыздылығы туралы хабарлау болды.
Кәсіпорын өкілдері журналистерді газ тасымалдау инфрақұрылымының жұмысымен таныстырып, қорғау аймақтарының белгілену тәртібі мен бұл аумақтарда қолданылатын шектеулер туралы ақпарат берді. Сондай-ақ магистральдық құбырлардың орналасуын көрсететін арнайы белгілер мен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге арналған инженерлік шешімдер таныстырылды.
"QazaqGaz" ұлттық компаниясының құрамына кіретін "Интергаз Орталық Азия" АҚ еліміздегі магистральдық газ тасымалдау жүйесін пайдаланып келеді. Компания қызмет көрсететін газ құбырларының жалпы ұзындығы шамамен 22 мың шақырымды құрайды.
"Интергаз Орталық Азия" АҚ "Алматы" МГҚБ" филиалының директоры Айдын Ералының айтуынша, халықтың күзет аймақтарындағы тәртіп талаптарын білуі төтенше жағдайлардың алдын алуға көмектеседі. Оның сөзінше, азаматтардың хабардарлығы авариялық тәуекелдерді төмендетіп, адамдар мен қоршаған ортаның қауіпсіздік деңгейін арттырады.
Қазақстан заңнамасына сәйкес магистральдық құбырлар өтетін аумақтарда арнайы күзет аймақтары белгіленеді. Бұл талап құбырлардың тұтастығын сақтауға, қоршаған ортаға теріс әсердің алдын алуға және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Магистральдық газ құбырының қорғау аймағының ені оның осінің екі жағында 50 метрге дейін. Бұл ретте елді мекендерге, тұрғын үйлерге және өзге де құрылыстарға дейінгі ең аз арақашықтық пен санитарлық-қорғау аймақтары құбырдың диаметріне және объектінің сипаттамаларына байланысты 100-ден 350 метрге дейін өзгеруі мүмкін.
Мамандардың айтуынша, магистральдық газ құбырлары жоғары қысыммен газ тасымалдайтындықтан, қауіптілігі жоғары өндірістік объектілерге жатады. Сондықтан белгіленген талаптарды бұзу инфрақұрылымның зақымдануына, газ тасымалдау жүйесінің жұмысына кедергі келтіруге және жекелеген жағдайларда газ берудің уақытша тоқтауына себеп болуы мүмкін.
Бүгінде магистральдық газ құбырларының едәуір бөлігі жер астынан өтеді. Олардың орналасқан жері мен күзет аймақтарының шекараларын белгілеу үшін олардың жақсы көрінуін қамтамасыз ететін сигналдық бағандар мен километрлік ашық түсті көрсеткіштер қолданылады.
"Интергаз Орталық Азия" АҚ тұрғындарды қорғау аймақтары мен қауіпсіздік қашықтықтары белгіленген аумақтарда қолданыстағы талаптарды сақтауға шақырады. Компанияның мәліметінше, қауіпсіздік қағидаларын орындау адамдардың өмірі мен денсаулығын қорғауға, мүліктің сақталуына және қоршаған ортаның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Қазақстандық түрмелерде енді сотталғандар отбасымен видеотаксофон арқылы сөйлесе алады