Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтөбеде өткен ауқымды экоакцияда жастар қоқыс жинап жарысты

Ақтөбеде "Таза Қазақстан" жалпыұлттық бағдарламасы аясында ұйымдастырылған "JasylCross – 2026" экологиялық плоггингіне 500-ге жуық жас қатысып, бір күннің ішінде 1317 қап қоқыс жинады.

Богослов тас жолы бойында өткен ауқымды экологиялық акция өңірдегі ең ірі бастамалардың біріне айналды. Шараға жас экобелсенділер, волонтерлар, жастар ұйымдарының мүшелері, "Жасыл ел" еңбек жасақтарының сарбаздары және қоғам белсенділері қатысып, табиғатты тазарту ісіне өз үлестерін қосты.

Плоггинг форматындағы жарыс барысында қатысушылар белгіленген аумақта жүгіру және жаяу қозғалу арқылы тұрмыстық қалдықтарды жинады. Нәтижесінде бірнеше сағаттың ішінде аумақтан 1317 қап қоқыс шығарылып, табиғи орта тазартылды.

Қазылар алқасы командалардың белсенділігі мен жиналған қалдықтардың көлемін бағалап, үздіктерді анықтады. Қорытындысында үздік нәтиже көрсеткен екі команда кубок және медальдармен марапатталды. Ал жарысқа қатысқан өзге командаларға алғыс хаттар табысталды.

Акцияның басты мақсаты – жастардың экологиялық мәдениетін арттыру, қоғамда тазалық пен жауапкершілік қағидаттарын нығайту және қоғамда тазалық құндылықтарын дәріптеу.

"Атамекен" студенттер отряды жастар қоғамдық бірлестігінің басшысы Нұржан Шаңғытбаевтың сөзінше, мұндай жобалардың қоғам үшін маңызы зор.

"JasylCross – 2026" экологиялық плоггингі – жастардың табиғатқа деген жанашырлығы мен азаматтық жауапкершілігін айқын көрсететін маңызды бастама. Біз әрбір жасты қоршаған ортаны қорғауға және туған өлкеміздің тазалығын сақтауға өз үлесін қосуға шақырамыз. "Таза Қазақстан" бағдарламасы аясындағы мұндай іс-шаралар экологиялық мәдениетті қалыптастырып қана қоймай, қоғамдағы бірлік пен ортақ жауапкершілік құндылықтарын нығайтады. Таза табиғат – жарқын болашақтың кепілі, сондықтан бұл игі іске белсенді қатысу – әрқайсымыздың ортақ міндетіміз", - деді ол. 

Ұйымдастырушылардың айтуынша, "JasylCross – 2026" экологиялық плоггингі дәстүрлі шараға айналып келеді және алдағы уақытта да өз жалғасын табады. Өйткені бастама жастардың қоршаған ортаны қорғау мәдениетін қалыптастырып қана қоймай, табиғатқа жанашырлықтың сөзбен емес, нақты іспен дәлелденетінін тағы бір мәрте көрсетіпті.

Хэштегтер: #ТазаҚазақстан, #TazaQazaqstan, #TazaChallenge, #jastarlive, #jasylel, #тұрақтыдаму, #экология.

Stan.kz
Жұма, 12 Маусым, 2026 15:22