Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Турға миллиондап ақша төлеген қазақстандықтар демалысқа ұша алмай қалды

туристік агенттік
Фото: magnific.com

Ақтөбеде туристік жолдама сатып алған ондаған азамат демалыссыз әрі ақшасыз қалған. Полиция мәліметінше, туристік агенттік басшысы клиенттерден ақша алып, уәде етілген қызметтерді көрсетпеген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Полиция басқармасының мәліметінше, алдын ала деректер бойынша, 37 жастағы агенттік жетекшісі туристік сапарлар ұйымдастыру және жолдама сату сылтауымен клиенттерден ақша қабылдаған. Алайда алған міндеттемелерін орындамай, азаматтарды демалыссыз әрі ақшасыз қалдырған.

Қазір полицияға 70-тен астам жәбірленуші арызданған. Келтірілген материалдық шығынның жалпы көлемі 32 миллион теңгеден асады.

"Қазір сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр. Полицейлер оқиғаның барлық мән-жайын және жәбірленушілердің нақты санын анықтауда. Тергеу аясында қажет іс-шаралар жүргізілген. Полиция аталған туристік агенттіктің әрекетінен зардап шеккен азаматтарды Ақтөбе қалалық полиция басқармасының №1 полиция бөліміне (11-шағынаудан, 51А мекенжайы) немесе тұрғылықты жері бойынша жақын жердегі полиция бөліміне хабарласуға шақырды", – деді полиция департаменті.

Сондай-ақ тәртіп сақшылары азаматтарға туристік қызметтерді сатып алу кезінде компанияның беделін мұқият тексеруге, қажет құжаттарының бар-жоғына көз жеткізуге, келісімшарт талаптарын мұқият оқуға және төлем жасағанда міндетті түрде растайтын құжаттарды алуға кеңес береді.

Еске салайық, бұған дейін Шығыс Қазақстан облысында әлеуметтік желі арқылы арзан туристік жолдамалар ұсынып, 13 адамды алдаған әйелге қатысты сот үкімі шыққан еді. Ол туристік қызмет көрсетемін деген желеумен азаматтардан 20 миллион теңгеден астам қаражат жинап, кейін 5 жылға бас бостандығынан айырылған. Құзырлы органдар азаматтарға әлеуметтік желілер арқылы туристік жолдамалар сатып алу кезінде сақ болуға кеңес береді.

Айым Атамбаева
Жұма, 12 Маусым, 2026 11:53