Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бұл ұят емес": Әйел өмір сапасын жақсарту үшін жатырын алып тастаған

Жүкті әйел сүйіктісімен
Фото: Magnific.com

Мәскеулік 49 жастағы Наталья.Ф 15 жыл бойы жатырдың көптік миомасымен күресіп келген. Ауру асқынып, күнделікті өміріне кедергі келтіре бастаған соң, ол жатырын алып тастау, яғни гистерэктомия жасату туралы шешім қабылдаған. Қоғамдағы таптаурын түсініктерге қарамастан, Наталья бұл тақырыпты жасырмай, ашық айту керек деп есептейді. Ол “Холод” басылымына берген сұхбатында қорқынышын қалай жеңгенін, дәрігерлердің ескірген көзқарасын және отадан кейінгі өзгерістерді баяндап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Наталья 35 жасында қарапайым тексеріс кезінде жатырында көптік миома бар екенін біледі. Алғаш барған гинеколог оны қатты қорқытып, миома қатерлі ісікке айналып кетуі мүмкін екенін айтып, шұғыл ота жасату туралы кеңес берген. Тіпті таныс хирургтің нөмірін ұстатқан.

“Түскі үзілісте клиникаға барып, кейін жұмыста егіліп жыладым. Маған өлім үкімі кесілгендей болды, бұрынғы үрейлерім қайта оянды”, – дейді ол.

Кейін достарының кеңесімен басқа дәрігерге көрінгенде, миоманың көп әйелде кездесетінін, оның қатерлі ісікке айналатыны туралы нақты ғылыми дәлел жоқ екенін біліп, сабасына түскен. Содан кейін ол жылына бір рет тексеріліп, ұзақ уақыт қалыпты өмір сүрген.

Дегенмен УДЗ мамандарының “Құдайым, сізге ол жатыр не үшін керек? Қазір бәрі алып тастап жатыр!” деген сияқты орынсыз пікірлерін жиі естуге мәжбүр болған.

Сонымен қатар дәрігерлер оның жасын көріп, “Енді бала жоспарламайсың ғой?” деп автоматты түрде шешім шығаратынын да айтты. Натальяның үш баласы бар: өгей қызы, биологиялық ұлы және асырап алған ұлы. Соған қарамастан, 45 жасында қайтадан ана атанғысы келген сәттері де болыпты. Ол дәрігерлердің сөзіне бола өз денесінің мүмкіндігінен ерте бас тартпағанына қазір қуанады.

Кресло
Фото: Getty Images

Симптомдардың асқынуы және “түйіннің тууы”

7-8 жыл бұрын Наталья жатыр артерияларын эмболизациялау, яғни миоманы хирургиялық жолсыз кішірейту процедурасынан өткен. Бұл әдіс бір түйінді кішірейткенімен, кейінгі екі жылда жағдайы күрт нашарлаған.

Етеккірі жиілеп, әр екі апта сайын 8-9 күнге созылатын болған. Үнемі гигиеналық төсеммен жүру қорқыныш ұялатып, соның салдарынан салмақ тастаған.

Арқасымен жатқанда ішінің төменгі жағындағы үлкен түйін қолмен анық сезілген. Ол шалбар кигенде де, жыныстық қатынас кезінде де мазалаған.

Кейін оған тұңғыш рет темір тапшылығы анемиясы диагнозы қойылады. Ісіктің қуықты қысуынан сағатына 5 ретке дейін дәретханаға жүгіруге мәжбүр болғанын да ашық айтты.

Айтуынша, ең ауыр кезең “түйіннің тууы” процесі болған. Миома түйіні бөлініп, қынап арқылы сыртқа шыға бастағанда, қан тоқтамай, оған жатырды тазалау, яғни қыру процедурасы жасалады. 2026 жылғы қаңтарда қатерлі жасушаларды тексеру үшін жасалған диагностикалық қыру нәтижесі таза шығып, дәрігерлер лапароскопиялық ота жасауды ұсынады.

Натальяда “отадан кейін жастығым, сұлулығым және либидом жоғалады”деген үлкен күмән мен қорқыныш болған. Ол ақпаратты мұқият зерттеп, көптеген дәрігермен кеңескен.

Бір тексерісте УДЗ маманы оның оң жақ аналық безінде күмәнді өзгеріс бар деп қате диагноз қойып, зәресін ұшырған. Себебі аналық бездер алынса, гормоналды жүйе бұзылып, бұл сұлулық пен либидоға шынымен әсер етуі мүмкін еді. Бақытына орай, басқа дәрігер бұл өзгерістің жоқ екенін, оған жатырдағы үлкен түйіннің көлеңкесі әсер еткенін анықтаған.

Органды сақтай отырып емдеуді қолдайтын танымал маман Натальяға:

“Отаға абсолютті медициналық қажеттілік жоқ, сіз бұл шешімді өмір сапасын жақсарту үшін қабылдап отырсыз. Егер бұл сіздің өміріңізді жеңілдетсе, шешіміңіз дұрыс”, – деп үміт берген. Осы сөзден кейін Наталья тәуекелге бел байлайды.

Әйел УДЗ
Фото: Getty Images

Ота және алғашқы күндер

Ота жасалатын күні Наталья ауруханаға жақсы көңіл-күймен келген. Тіпті операция алдында жұмыс істеп те үлгеріпті. Дәрігерлермен қалжыңдасып, сәтті ота тілеп кірген Наталья 3,5 сағаттан кейін оянған. Ішінде лапароскопиядан қалған 4 кішкентай тілік қана болған.

Айтуынша, ауруханада іш кеппеуі үшін арнайы диеталық тағам беріп, жақсы қараған. Тек қуыққа түтік, яғни катетер қойылғаны ыңғайсыздық тудырған. Ал ауырсыну уақыт өте келе басылған.

Наталья ауруханада 6 күн ем алған. Үйге шыққан бойда өзін қайта әдемі сезіну үшін шаштаразға барып, келесі күні әлі әлсіз болса да, жұмыстағы маңызды іс-шараға қатысқан.

Отадан кейінгі өмір

Ота жасалғаннан бері 1,5 ай өтті. Наталья өзін жақсы сезінеді, бірақ толық қалпына келу процесі әлі жалғасып жатыр. Негізі ол үй жағдайында гантель көтеріп, жүгіретін, спортзалға белсенді баратын адам. Алайда дәрігерлер іш аймағы мен тігістерге күш түсірмеуді ескерткендіктен, әзірге спортқа оралмаған.

Натальяның жанында оны толық қолдайтын серігі бар. Интернеттегі “либидо жоғалады” деген қорқынышты аңыздарға қарамастан, Наталья жыныстық қызығушылығы жоғалмағанын, тек сезімдерінің сәл өзгеше екенін айтады.

Натальяның сөзінше, көптеген әйел бұл отаны күйеулерінен жасырады. Ол мұндай ұстанымға түбегейлі қарсы. Себебі оның дәлелі – өзі. Кейінірек Натальяның анасы да кезінде осындай отадан өткен екені белгілі болды. Бірақ ол мұны өмір бойы ешкімге айтпай, құпия сақтаған. Тіпті әкесі де Натальяның бұл шешімін бірден түсіне қоймаған. Алайда әйел бұған қарамастан өз таңдауын жасаған.

Әйел
Фото: Getty Images

Сондай-ақ ол отаға дайындалып жүргенде үлкен мәселеге тап болғанын айтты. Осы жағдайды басынан өткерген әйелдердің тәжірибесін іздегенде, қазақ және орыстілді аудиториядан нақты ақпарат таба алмаған. Тек клиникалардың жарнамасы мен жалған түсініктер ғана көп болған.

“Мен шынайы тәжірибелерді тек ағылшын тіліндегі Reddit платформасынан таптым. Онда әйелдер спортқа қалай оралу керегіне дейін ашық жазып, бір-біріне кеңес береді. Басқа әйелдерге көмек болсын деп өз тарихымды ашық бөлісуді жөн көрдім”, – дейді ол.

Нәтижесінде Наталья қазір өзін әлдеқайда жақсы сезінеді. Сағат сайын дәретханаға жүгірмейді, ауыр қан кетуден арылған және ішіндегі мазасыз түйіннен біржола құтылған.

Балнұр Рахматуллақызы
Жұма, 12 Маусым, 2026 13:12