"Өзіме қол жұмсағым келді, кейін оларды өлтіруді шештім": Сотта Сәрсемалиевтің қылмысқа қалай барғаны көрсетілді

Атырау облысындағы Жангелдин ауылында бүтін бір отбасының қаза болуына қатысты іс бойынша сотта тергеу эксперименті кезіндегі видео көрсетілді. Онда Сұлтан Сәрсемәлиев жаппай кісі өлтіруге не себеп болғанын, қылмысты қалай жүзеге асырғанын және бірнеше ай бойы марқұмдардың тірі жүргендей көрініс жасау үшін қандай амалдарға барғанын айтқан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Кадрларда айыпталушы болған оқиғаның өз нұсқасын тергеушілерге егжей-тегжейлі баяндап, кісі өлтіруден кейінгі әрекеттерінің ретін көрсеткен. Сонымен қатар марқұмдардың ақшасын, құжаттарын және зейнетақы төлемдерін қалай пайдаланғанын түсіндіреді.
Бұған дейін айтқанындай қатыгез қылмыстың себебі Сәрсемәлиев пен әйелінің туыстары арасындағы ұзаққа созылған отбасылық жанжал болған. Жанжал айыпталушының жұбайы Ақбаян және үш жасар қызымен бірге Атыраудан үш сағаттық жерде орналасқан Жангелдин ауылындағы ата-анасының үйіне қонаққа келуі кезінде ушыға түскен.
Сәрсемәлиевтің айтуынша, бұл сапар қатаң ультиматуммен аяқталған. Оның сөзінше, қайын атасы Мақсот Қарабалин мен қайын енесі Нәсіп Өтешқалиева оны қорлап, Ақбаянды ата-анасының үйінде қалдыруды талап еткен. Одан бөлек, әйелінің туыстары бес баланың бәрін күшпен алып кетеміз деп қорқытқан. Ол балаларын енді ешқашан көрмей қаламын деп қауіптенгенін, ал жұбайының туыстарының үздіксіз кінәлауы мен қорлауы жағдайды одан әрі ушықтырғанын жеткізді.
“Алдымен өзім асылғым келді, кейін оларды өлтіруді шештім”
Сәрсемәлиевтің сөзінше, қылмыс жасар алдында ол қораға кіріп, асылып өлмек болған. Алайда соңғы сәтте райынан қайтып, жаппай кісі өлтіру туралы шешім қабылдаған. Тергеу барысында ол қылмыстың шынайы себептерін де ашып айтқан.
"Қорада алғашында өзім асылып өлгім келді. Бірақ кейін оларды өлтіруді шештім. Сонда балаларым мен әйелім менімен қалады. Ал ата-анам немерелерін көріп жүреді деп ойладым. Іздерді жасыру жоспарын ұсақ-түйегіне дейін ойластырдым. Олардың ақшасын қалай алатынымды да алдын ала есептеп қойдым", – деген Сәрсемәлиев.
Сотта ұсынылған көрсетулерге сәйкес, кісі өлтіру оқиғаларының алдында оның әйелінің ағасы Наурыз Мұқанғалиевпен жанжал болған. Ол алғашқы құрбан болған. Сәрсемәлиев кейін оның жеке құжаттары мен банк карталарын алып кеткен. Одан кейін әйелінің басқа туыстарынан да мәселе көре бастаған.
"Мен оларды өлтіремін деп әлдеқашан шешіп қойған едім. Іздерді жою және барлық қадамдарды алдын ала жоспарлауға кірістім. Қорадан кейін қылмыс қаруына айналған пышақты таңдап алдым. Бірден олардың Kaspi қосымшасына қалай қол жеткізуге болатынын ойладым. Өйткені ақшаға қол жеткізіп, коммуналдық төлемдерді төлеп отырсам, ешкім күмәнданбайды деп санадым", – деген ол.
Үй иелерінің жоғалуынан кейін ауыл тұрғындары мен коммуналдық қызметтер күмәнданбас үшін, Сәрсемәлиев алдын ала су, газ және жылу есептегіштерінің көрсеткіштерін жазып алғанын айтқан.
"Менің алдымда үш таңдау тұрды. Өзім өлу, балаларды беру немесе өлтіру. Шешім қабылдағаннан кейін іздерді қалай жасыратынымды егжей-тегжейлі ойластырдым. Мобильді қосымшадағы төлем тарихын қарап, жеке шоттарды тауып, су, газ және жылу есептегіштерінің көрсеткіштерін жазып алдым. Осылайша үй иелері әлі де үйде жүргендей көрініс жасағым келді", – деген ол.
“Үш жеке куәлік, үш банк картасын алған: Олар тірі сияқты етіп көрсетуге тырысқан”
Іс материалдарына сәйкес, кісі өлтіруден кейін Сәрсемәлиев марқұм Наурыз Мұқанғалиевтің атынан электр энергиясы, су және газ есептегіштерінің көрсеткіштерін жіберіп отырған. Бұл үйде қалыпты өмір жалғасып жатқандай әсер қалдыру үшін жасалған. Коммуналдық қызметтерді ол қайын атасы Мақсот Қарабалиннің интернет-банкингі арқылы төлеген.
Тергеу нұсқасы бойынша, Сәрсемәлиев марқұмдардың үйінен үш жеке куәлік, үш банк картасы және екі алтын сақина алып кеткен. Сондай-ақ үйдегі жасырын жерден соңғы 60–70 мың теңгені алған. Қасында банк карталарының құпия сөздері жазылған қағаз болған. Бұдан бөлек, ол өлтірілген қайын енесінің батырмалы телефонын да алып кеткен.
ОқыңызАйыптау нұсқасына сәйкес, егде жастағы ерлі-зайыптыларды өлтіргеннен кейін Сәрсемәлиев әйелімен, үш жасар қызымен және жұбайының туған сіңлісі Мирамгүлмен бірге Ташкентке кетуді жоспарлаған. Алайда кейінірек Мирамгүлді де өлтірген.
Бұған дейін Мирамгүл Қарабалинаға 32 рет пышақ сұғылғаны хабарланған еді.
Іс материалдары бойынша, Сәрсемәлиев банк қосымшаларын өзінің телефон нөміріне тіркеп, SMS арқылы цифрлық сервистерге қол жеткізген. Тергеу мәліметінше, ол мемлекеттік сервистер арқылы марқұмдардың зейнетақысы мен жәрдемақыларын аудартып, қаражаттың бір бөлігін әртүрлі банктердегі шоттар арасында ауыстырып отырған.
Бұл оқиғаның мән-жайы биылғы жылдың қаңтарында ғана белгілі болған. Сәрсемәлиев коммуналдық төлемдерді төлеуді тоқтатқаннан кейін туыстары мен құқық қорғау органдары із-түзсіз жоғалған отбасы мүшелерін іздеуге кіріскен.
Оқиғаның мән-жайы
2025 жылғы желтоқсанда полицияға 66 жастағы ер адам – Мақсот Қарабалин, 64 жастағы әйел – Насип Өтешқалиева және олардың балалары – 32 жастағы ұлы мен 35 жастағы қызының із-түссіз жоғалғаны туралы хабар түскен. Туыстарының айтуынша, отбасы мүшелері қараша айынан бері байланысқа шықпаған, олардың қайда екені белгісіз болған.
Төртеуі де хабар-ошарсыз кеткендер ретінде іздеуге жарияланды. Осы дерек бойынша соталды тергеу басталып, жедел-тергеу тобы құрылды.
Биыл 6 қаңтарда тергеу әрекеттері барысында үйлердің бірінің шаруашылық құрылысынан Мақсот Қарабалин мен Насипа Өтешқалиева мәйіттері көмілген күйде табылды. Осыдан кейін іс кісі өлтіру дерегі бойынша қайта сараланып, жоғалған балаларды іздеу жалғасқан.
Қылмыс жасады деген күдікпен 29 жастағы Сұлтан Сәрсемәлиев – қаза тапқан отбасының бұрынғы күйеу баласына халықаралық іздеу жарияланды. Онымен бірге марқұмдардың кенже қызы да халықаралық іздеуге берілген. Бұған дейін ол күдіктімен некеде болған.
Күдікті Индонезияда ұсталды. Онымен бірге отбасының кенже қызының да жүргені анықталған. Ұсталғаннан кейін ер адам кінәсін мойындап, тергеуге жауап берді. Оның жауабы бойынша, жедел-тергеу тобы қайта тергеу әрекеттерін жүргізіп, Атыраудағы үйдің ауласынан бұрын хабар-ошарсыз кеткен Мирамгүл Қарабалина мен Наурыз Мұқанғалиевтің мәйіттерін тапты.
"Дипломынан айырылғалы отыр": Алматыда әскерге күштеп әкеткен студенттің анасы президенттен араша сұрады