Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанның Салық кодексінен "тенге" сөзі жойылады

Теңге
Фото: Stan.kz

Қазақстанның Салық кодексіне ауқымды терминологиялық түзетулер енгізіледі. Өзгерістер құжатты жаңартылған конституциялық модельге сәйкестендіруге бағытталған. Құжат 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Бір қарағанда, түзетулер кодекстің бүкіл мәтіні бойынша жасалатын техникалық өзгерістер сияқты көрінуі мүмкін. Алайда іс жүзінде бұл – конституциялық өзгерістерден кейінгі үлкен құқықтық қайта реттеудің бір бөлігі. Салық заңнамасында институттардың атауы, терминдер мен кейбір тұжырымдар жаңартылады.

Ең көзге түсетін өзгерістердің бірі – Салық кодексіндегі “тенге” сөзінің “теңге” деп ауыстырылуы. Яғни кодекстің ресми орысша мәтінінде ұлттық валютаның атауы қазақ тіліндегі “ң” әрпімен жазылады.

Бұл ақша реформасы немесе ұлттық валютаның өзін өзгерту емес. Әңгіме тек нормативтік құжаттардағы жазылу тәртібі туралы болып отыр.

Осыған ұқсас жұмысты Ұлттық банк те бастаған. Бұған дейін банк өз қаулыларында “тенге” сөзін “теңге” деп ауыстыруды ұсынған жобаны талқылауға шығарған еді. Ұлттық банкте бұл түзетулердің техникалық және редакциялық сипатта екенін, ең төменгі резервтік талаптар жүйесінің жұмыс тәртібін өзгертпейтінін айтқан.

Салық кодексінде тағы не өзгереді?

Жаңа түзетулерге сәйкес, “шетелдік” деген сөздің орнына ресми сипаттағы “шетел азаматы” тіркесі қолданылады.

Кей нормалардағы Парламент туралы атаулар Құрылтай атауымен ауыстырылады.

Жекелеген баптарда “Қазақстан Республикасының Құрылтайы” және “Қазақстан Халық Кеңесі"” деген тұжырымдар пайда болады.

“Республикалық референдум” деген тіркес “бүкілхалықтық референдум” деп өзгертіледі.

Аумақтарды тізбелеу тәртібі де нақтыланады. Енді алдымен астана, содан кейін облыстар мен республикалық маңызы бар қалалар көрсетіледі.

Сондай-ақ кодекстен азаматтардың Конституциялық сотқа жүгінуіне қатысты кейбір нормалар алынып тасталады.

Түзетулер Салық кодексін жаңа конституциялық модельге сәйкестендірумен байланысты. Бұған дейін Конституция 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енгеннен кейін Құрылтай мен Қазақстан Халық Кеңесі ресми түрде жұмысын бастауға тиіс екені хабарланған.

Балнұр Рахматуллақызы
Жұма, 12 Маусым, 2026 14:32