Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

ҰҚК әскери полиция басқармасының жоғары лауазымды қызметкерін ұстады

Тінті сәті
Фото: Видеодан скрин

Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) әскери полиция бас басқармасының жоғары лауазымды қызметкеріне қатысты тергеу жүргізіліп жатқанын растады. Бұл турады Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Threads желісінде тінту сәттері бейнеленген фотосуреттер тарады. Кадрларда ҰҚК-ның арнайы киімін киген адамдар мен еденге жайылған ақша купюраларын байқауға болады. Жазбаларда жедел-іздестіру іс-шаралары барысында әскери полицияның жоғары лауазымды қызметкері ұсталды деген ақпарат айтылған.

"ҰҚК жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Әскери полиция бас басқармасы штабы бастығының орынбасары, полковник Мүслімов Талғат Сабырұлы аса ірі көлемде пара алу күдігімен ұсталған. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу сотының санкциясымен бұлтартпау шарасы ретінде қамауға алу таңдалды", – делінген желідегі жазбада.

Айта кетейік, Әскери полиция бас басқармасы Қорғаныс министрлігінің құрамына кіреді.

ҰҚК желіде тараған ақпартты растады, алайда істің егжей-тегжейін жариялаудан бас тартты.

"Қазір сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Өзге ақпарат қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабының 1-бөлігіне сәйкес жария етуге жатпайды", – делінген ҰҚК хабарламасында. 

Желідегі жазбаларда ҰҚК назарына тек Мүслімов қана емес, өзге де лауазымды тұлғалар іліккен болуы мүмкін екені айтылған. 

Еске салсақ, бұған дейін Ақтөбе облысында қол астындағы әскерилердің ақша жинап келген шекара бөлімшесінің бастығы сотталғаны туралы жазған едік. 

Дана Русланқызы
Жұма, 12 Маусым, 2026 20:34