"Жұмысшылар компаниялардың мүддесі үшін құрбан болмауы тиіс": Құқық қорғаушы жаңаөзендіктердің наразылығына қатысты істі мұқият тексеруді талап етті
Еңбек құқығы саласының маманы Бибігүл Нұрашева жаңаөзендік жұмысшылардың көтерілісін компанияның мүддесі деп жобалап, істі тыңғылықты тексеруді талап етті деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Құқық қорғаушы 10 сәуірде Жаңаөзендегі "БерӘлі Маңғыстау Компани" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің 100-ден аса бұрынғы жұмысшыларының Астана қаласына келіп, наразылық білдіргендеріне қатысты пікір білдірді.
"ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясы өкілдері наразы азаматтармен келіссөздер жүргізді. Бірақ жаңаөзендіктер ұсыныстармен келіспейтінін айтып, кездесудің ортасынан шығып кеткен.
Шынын айтсақ, көз алдымызға былтырғы "Қаңтар" оқиғасы кезеңі елестеп, жағдай бақылаудан шығуға жақын қалды”, – деп жазады ол.
Ол Астанаға келген жаңаөзендіктерге қатысты түрлі пікірлерді саралады. Нұрашеваның айтуынша, "БерӘлі Маңғыстау Компани" ЖШС басшылығы тендерден ұтылып қалғандықтан, мұндай әрекетке баруы мүмкін. Қарапайым жұмысшыларды пайдалану арқылы тендер нәтижесін жойып, жұмыс көлемін өзіне алғысы келген деген нұсқаны жоққа шығармайды.
“Еңбек құқығымен ұзақ жылдар айналысқан маман ретінде бұл жағдайға ерекше көзқараспен тиянақты әрі дәлелді тергеу қажет деп есептеймін. Өйткені қарапайым жұмысшылардың құқығы жан-жақты бұзылу фактілерінің орын алуына негіз бар. Менің ойымша, "мекеме басшылығы жеке мүддесі үшін қарапайым жұмысшыларды пайдалануы мүмкін. Бұл болжамды құзырлы органдарды тексеруі тиіс. Мекеме мұндай құйтырқы әдіске жүгінуі әбден мүмкін деген ойдамын”, – деді Нұрашева.
Ол “Өзенмұнайгаз” АҚ тарапынан да тендерді өткізу кезінде заңбұзушылықтар бар деп болжады. Осылайша құқық қорғау органдарына заңбұзушылық фактілерін анықтауды талап етті.
“Қазақстан Республикасының азаматы, ел тағдырына алаңдаушы қоғам белсендісі ретінде "БерӘлі Маңғыстау Компани" ЖШС-на қатысты арнайы тексеріс ашылуын сұраймын. Бастысы – еліміздің тыныштығы. Қарапайым жұмысшылар компаниялардың қара басының мүддесі үшін құрбан болмауы тиіс!”, – деп мәлімдеді еңбек құқығын қорғаушы
Ол тексерісті жүргізу процесіне қатысуға да ниетті. Еңбек дауына қатысты көмекке қол ұшын соза алатынын атап өтті.