Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жұбайым сол сәтте тамақ істеп жатқан": Үйіне кран кіріп кеткен елорда тұрғыны оқиғаның қалай болғанын айтып берді

Елордада жүк көтергіш кран көпқабатты үйдің үстіне құлап, терезені бұзып өткен. Кран асүйге кіріп кеткен. Бақытқа орай, зардап шеккендер жоқ. Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі тұрғын үйге кранның құлауына қатысты тексеру жүріп жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

“Біз бас мердігер ұйым ретінде толық қалпына келтіреміз. Барлық материалдық залал. Мен оларға бұдан да жақсы терезелерді қойып беремін, уәде беремін. Өз қалтамнан. Бас мердігер компания атынан”, – дейді “Интехконтракт” ЖШС директоры Ренат Бөкеев Астана телеарнасына берген пікірінде.

Пәтер тұрғындары – төрт баласы бар ерлі-зайыптылар қорқып қалған. Әзірге олардың оқиғаға кінәлі тарапқа қояр талабы жоқ. Жөндеу жұмыстары біткенше отбасына жалдап тұратын пәтер тауып береді.

“Әлі де шокпен жүрмін. Жұбайым сол сәтте тамақ істеп жатқан. Мына кран оның жанына құлады. Екі бала мектепте, екеуі үйде болды. Кішкентайлар, қазір көшеде отыр”, – дейді пәтер иесі Қанат Байниятов.



"Нұр-Сұлтан қаласының қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының еңбек инспекциясы автокранды тексеріп, қорытындысында жүк көтеру механизмін іске асыруда өнеркәсіптік қауіпсіздік ережелері бұзылғанын анықтады. Аталған оқиғаны тергеу қорытындысына сәйкес мердігерге Қазақстан заңы бойынша шара қолданылады.

Оқиға болған жерге қалалық қызметтер: Өнеркәсіптік қауіпсіздік департаменті, "Есіл" ауданы әкімі аппараты, "Нұр-Сұлтан қаласы Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы" мамандары барды", –  деп жазылған әкімдік мәліметінде.

Ресми ақпарат бойынша, арнайы құрылған жұмыс тобы қаланың құрылыс объектілеріндегі 121 мұнаралы кранды тексерген.

"Тексеру қорытындысында 81 кранның жұмысынан ереже бұзу фактілері анықталды. Мұнаралы крандардың техникалық құжаттамасының болмауы ереже бұзуға негізгі себеп болып отыр. Аталған мұнаралы крандардың жұмысы кемшіліктер қалпына келгенше тоқтатылды", - деп жазады әкімдіктің баспасөз қызметі. Бұған дейін Нұр-Сұлтанда тұрғын үйдің алтыншы қабатына кран құлағанын жазған едік.

Талқылау