Қазақстанда Әкімшілік заңбұзушылықтар туралы кодекске өзгерістер енгізілді: Көлік жүргізушілері үшін не өзгереді
Елімізде көлік жүргізушілеріне қатысты заң қатаңдатылды. Енді заң бұзған қазақстандықтар көлік жүргізу куәлігінен айырылып, түрмеге тоғытылуы мүмкін, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Kolesa.kz порталына сілтеме жасап.
Жүргізуші мемлекеттік нөмірсіз немесе тіркеусіз көлік басқарса куәлігінен айрылады
Әкімшілік кодекстің 590-бабына 2-1 бөлік қосылып, ол бойынша мемлекеттік нөмірі жоқ немесе пайдалануға тыйым салынғаннан кейiн немесе белгiленген тәртiппен тiркелмеген көлiкті бір жылда қайта басқарса, 20 АЕК (2022 жылы 61 260 теңге) айыппұл салынады немесе жүргізуші бір жылға куәлігінен айырылады.
Демек алып келген көлікті Қазақстанда тіркемей өзгеше транзиттік нөмірмен жүрген қазақстандықтар үшін жауапкершілік артады. Бұған дейін мұндай машина ұсталса 10 АЕК айыппұл салынатын. Соған қарай адамдар айыппұлды төлеп, көлікті тіркемей-ақ жүре беретін. Енді мемлекеттік нөмірі жоқ немесе Қазақстанда тіркелмеген машина екінші рет ұсталса, жүргізушіге екі есе айыппұл салынып, тіпті бір жылға көлік жүргізу құқығынан айырылады.
Жалған нөмірмен көлік басқарса куәлігінен айрылып, қамауға алынады
Енді жалған нөмірмен жүрген немесе оны жасырған жүргізушіге бір жылға көлік жүргізу құқығынан айыру мен 5 тәулікке дейін қамау жазасы қолданылатын болады. Осыған орай 590-баптың 4-тармағы түзеледі. Бұрын бұл ережені бұзғандар 20 АЕК айыппұл арқалайтын немесе бір жыл көлік жүргізу құқығынан айрылатын. Енді жүргізуші куәлігінен айыру міндетті болады. 590-бапқа 4-1 тармақ қосылады. Бұл бойынша қамауға алынбайтын адамдарға мысалы мүгедектер жатады. Бұл ережені бұзған жағдайда 40 АЕК (2022 жылы 122 520 теңге) айыппұл төлеу мен бір жылға куәлігінен қағу қарастырылған.
Заңды талапқа бағынбаған бiр жылға дейiн куәлігінен айрыла отырып, қамауға алынады
Әкімшілік кодекстің 613-бабына да өзгеріс енеді. Егер әскери полиция, бекеттердегі көлік бақылау органы қызметкерінің көлік құралын тоқтату туралы заңды талабын орындамаған жүргізушіге 30 емес, 40 АЕК, яғни 2022 жылы 122 520 теңге айыппұл салынады. Бұл әрекет бір жыл бойы қайталанса, жүргізуші 6 ай емес, бір жылға куәлігінен айырылып, 5 тәулікке дейін қамалады. Жүргізуші куәлігінен бұған дейін айырылған азамат осы ережені бұзса 50 емес, 60 АЕК (2022 жылы 183 780) айыппұл төлейді немесе 15 тәулікке дейін темір торға қамалады.
Енді полиция қызметкері, сот орындаушысы және т. б. лауазым иесі қызметтік міндетін атқару барысында оның заңды талабына бағынбаған, сондай-ақ қызметіне кедергі келтірген азаматтқа 30 АЕК (2022 жылы 91 890 теңге) көлемінде айыппұл сала алады немесе 15 тәулікке дейін қамауға алынады. Бұрын мұндай әрекет үшін ескерту жасалатын немесе азырақ айыппұл салатын, қамау мерзімі де аз болатын. Ал қамау жазасы қолданылмайтын адамдар енді 40 емес, 50 АЕК (2022 жылы 153 150 теңге) айыппұл төлейді
Бұл түзетулер 12 шілдеде жарияланып, 60 күнтізбелік күннен кейін күшіне енеді.