Қазақстандық әйел қызының балмұздақ жегеннен кейін жансақтау бөліміне түскенін айтты

Қазақстандық әйел қызының балмұздақ жеп, сүт өнімдерінде болмауы тиіс ішек таяқшасынан уланып, жансақтау бөлімінде жатқанын айтып, дабыл қақты. Анасы инфекцияның баланың бүйрегін зақымдап жатқанын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Астана қаласының тұрғыны СЭС-тен жауап күтіп отырғандықтан “бала балмұздақтан уланды” деп шорт кесіп айта алмайтынын жеткізді. Олар балмұздақты Damu Mall-дағы “Bambino-дан” сатып алғанын айтты.
“Қазір балам жансақтау бөлімінде жатыр. Қазір жансақтау бөлімінде жатқан балалардың көбі ішек инфекциясынан ем қабылдап жатыр. Сондықтан барынша сақ болғандарыңызды сұраймын. Мұнда тағы бір бала басқа балмұздақтан кейін сепсиспен түскен. Біздің жағдайда бала сүт өнімдері арқылы жұғатын ішек таяқшасынан уланып отыр. Қазір дәл осы инфекция баламның бүйрегін зақымдап жатыр, дәрігерлердің айтуынша, олар кез келген сәтте қызметін тоқтатуы мүмкін. Балаға қан құйылып жатыр. Сондай-ақ оған диализ қажет болып, комаға түсуі немесе өкпені жасанды желдету аппаратына қосуы мүмкін”, – дейді баласы үшін шыр-пыр болған ана.
Әйелдің сөзінше, отбасындағы екінші бала да бәрімен бірге балмұздақ жеген. Оның да дәл сол уақытта іші өтіп, осыған ұқсас белгілер байқалғанын атап өтті.
“Аурухана токсиннен улану фактісін растады және осыған байланысты санитариялық-эпидемиологиялық қызметті хабардар етті. Бірақ бұл жағдай әділ әрі объективті тексеріле ме деп алаңдаймын. Бізде энтеровирус анықталған жоқ. Біз сүт өнімінен жұқпауы тиіс болған ішек инфекциясын жұқтырып алдық”, – дейді қыздың анасы.
Оның айтуынша, “Bambino” балалардың жаппай улануы туралы шағым түспегенін алға тартып, өзінің кінәсін мойындаудан бас тартқан.
Осы жағдайға байланысты Stan.kz редакциясы елордадағы СЭС-ке сұрау салды. Астана қаласы Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Мұхамғали Қайыржанұлы Арыспаевтың айтуынша, ведомствоға "e-Өтініш" ақпараттық жүйесі арқылы балмұздақ тұтынғаннан кейін болуы мүмкін тағамнан улану фактісі бойынша бір өтініш келіп түскен.
“Өтініш қарауға қабылданып, департаменттің бақылауына алынған. Қарау жұмыстары Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес жүргізіліп жатыр. Қазір департаментке “Bambino” балмұздағына қатысты тағамнан улану немесе жіті ішек инфекциясы фактілері бойынша медициналық ұйымдардан басқа өтініштер мен шұғыл хабарламалар түспеген”, – деп мәлімдеді ведомство.
Бұған дейін Ақтауда іші өтіп ауруханаға түскен екі жастағы қыз жансақтау бөлімінде жатқаны туралы жазған едік.
Қыздың туыстарының айтуынша, бала 22 маусым күні "диарея" диагнозымен жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылған.
“Бастапқыда қыздың жағдайы алаңдаушылық туғызбаған. Алайда 28 маусым күні ол шұғыл түрде облыстық балалар ауруханасының жансақтау бөліміне ауыстырылған. Бүлдіршіннің екі бүйрегі де істен шыққан”, – дейді баланың әкесі мен әжесі.
Отбасы Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасында жүріп, видеоүндеу жариялады. Туыстары емдеу барысында балаға нақты диагноз дер кезінде қойылмағанын, ал тағайындалған ем ауыр асқынулардың алдын ала алмағанын айтып отыр.
Қазақстандық әйел қызының балмұздақ жегеннен кейін жансақтау бөліміне түскенін айтты