Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жаңа Конституция күшіне енгеннен кейін Бас прокурор, Ұлттық банк төрағасы және өзге де лауазымды тұлғалар қайта тағайындалады

Қазақстан прокуратурасы
Фото: Gov.kz

1 шілдеден бастап Қазақстанда алты негізгі лауазымды тұлға қайта тағайындалады. Мұны Парламент палаталарының бірлескен отырысы кулуарында Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Жаңа Конституция күшіне енгеннен кейін Қазақстанда жоғары мемлекеттік лауазымдарды жаңарту процесі басталады. Келер айларда алты негізгі шенеунік қайта тағайындалып, кейін үкіметтің жаңа құрамы жасақталады.

Ақпаратты парламент палаталарының бірлескен отырысы кулуарында Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев айтты.

“1 шілдеден бастап жаңа Конституция күшіне енеді. Ертеңнен бастап алты лауазымды тұлға екі айдың ішінде қайта тағайындалады”, – деді министр.

Оның айтуынша, елде бас прокурор, Ұлттық банк төрағасы, Жоғарғы сот төрағасы, Жоғары сот кеңесінің төрағасы, адам құқықтары жөніндегі уәкіл және тағы бір негізгі лауазымды тұлға қайта тағайындалады.

Министр алты негізгі лауазымды тұлғаны қайта тағайындау процесі жаңа Конституция күшіне енгеннен кейін екі ай ішінде аяқталуы керек екенін атап өтті.

Еске салайық, бұған дейін мемлекет басшысы Құрылтай сайлауын өткізу туралы жарлыққа қол қоятыны хабарланған еді.

Айта кетейік, Жаңа Конституция 1 шілдеден бастап күшіне енеді. Президент бұл күнді ел дамуының жаңа кезеңі басталатын тарихи сәт деп атаған еді.

Бұған дейін мемлекет басшысы 2026 жылғы 15 наурызда өткен республикалық референдумда қабылданған жаңа Конституцияның нормаларын іске асыруға бағытталған бес конституциялық заңға қол қойды. Бұл құжаттар президенттің, Құрылтайдың, үкіметтің, сот жүйесінің және өзге де мемлекеттік институттардың қызметін реттейді.

Жаңа Конституцияның мәтіні ресми түрде наурыз айында жарияланды. Ал өтпелі ережелерде, яғни 94–96-баптарда, негізгі заң күшіне енгеннен кейін жаңа мемлекеттік институттарды қалыптастыру және лауазымды тұлғаларды тағайындау мерзімдері нақты көрсетілген.

Балнұр Рахматуллақызы
Сейсенбі, 30 Маусым, 2026 16:33
Талқылау