АҚШ-та қазақстандық әйелдің 2 жасар қызы тамаққа қақалып жансақтау бөліміне түсті: Ол отандастардан көмек сұрайды

АҚШ-та жансақтау бөлімінде жатқан екі жасар қазақстандық бүлдіршіннің анасы елден көмек сұрауда. Тамаққа қақалып қалып, оқыс оқиғадан жағдайы нашарлаған Айлиннің жағдайы ауыр. Америкалық дәрігерлер оны аппараттан ажыратуды жоспарлап отыр. Бүлдіршіннің анасы қызын Қазақстанға ауыстыруды өтініп, елден көмек сұрады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Аилиннің анасы Әйгерім редакциямыздан көмек сұрап, оқиғаны баяндады.
“Мен және жолдасым – Қазақстан азаматтарымыз. Біз жолдасым екеуміз білім алып, әлемді аралау үшін Қазақстаннан кеткен едік. Бірақ Қазақстан әрқашан біздің Отанымыз болды. Енді ең қиын сәтте біз өз елімізге, өз халқымызға жүгініп отырмыз. 7 маусым күні қызымыз Айлин тамаққа қақалып, жүрегі тоқтап қалды. Дәрігерлер жүрек соғысын қайта қалпына келтіріп, оны жансақтау бөліміне шұғыл жеткізді. Қазір ол үш аптаға жуық уақыттан бері өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған күйде жатыр. Дәрігерлер емдеуді тоқтатуды жоспарлап отыр”, – деді ол.
АҚШ дерігерлері бүлдіршіннің жағдайын бақылауда ұстаған. Дегенмен қазір Айлиннің жағдайы нашарлап кеткен.
“Ауруханаға түскен алғашқы екі тәулікте оның кейбір неврологиялық функциялары сақталды. Ол жасанды тыныс алу аппаратына қосылған күйде өздігінен тыныс алуға талпыныс жасады. Көз қарашығы жарыққа реакция берді. Алайда 9–10 маусым түнінде Айлиннің қан қысымы қатты төмендеді. Медициналық команда дәрілік препараттардың көмегімен қысымды тұрақтандыруға біраз уақыт жұмсады. Осыдан кейін оның неврологиялық жағдайы айтарлықтай өзгерді. Өздігінен тыныс алу талпыныстары тоқтады, көз қарашығы жарыққа реакция бермейтін болды. Бұрын байқалған неврологиялық реакциялар да жойылды”, – деді анасы.
“Дәрігерлер емді жалғастырудан бас тартты: Бар үмітіміз – Қазақстан”
Анасы Әйгерім дегенмен кейін қызына тағы да сараптамалар жүргізілгенін алға тартты. Дегенмен нәтижелерінде жақсару да, нашарлау да болмағанын көрсеткен.
“Қазір Айлин өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған. Ол зонд арқылы тамақтанып, дәрігерлердің тұрақты бақылауында жатыр. Дәрігерлер "ми өлімін анықтау" хаттамасы бойынша екі тексеріс жүргізді. Алайда бұл зерттеулер жеткіліксіз, қосымша ЭЭГ, ми қан айналымын және қалқанша без қызметін тексеруді сұрадық. Бірақ аурухана бұл тексерулер қолданыстағы хаттамада қарастырмайтынын айтты.
Біз медициналық команда өз хаттамаларына сүйенетінін түсінеміз. Бірақ қызымыздың жағдайын барынша толық бағалағымыз келеді. Біз Айлинге уақыт қажет екеніне шын сенеміз. Ол әлі екі жасқа да толған жоқ. Кішкентай балалардың миындағы нейропластиканың жоғары болуына байланысты оның қалпына келу мүмкіндігі әлі де бар деп үміттенеміз. Қазақстаннан көмек сұраймыз. Егер Қазақстандағы қандай да бір аурухана Айлинді қабылдауға дайын екенін ресми түрде растаса, бұл оның емін тоқтатпай, елге медициналық тасымалдауға мүмкіндік берер еді”, – деп қосты ол.
Әйгерім Денсаулық сақтау министрлігінен бастап елдегі барлық балалар жансақтау бөлімдеріне және санитарлық авиациядан қолдау күтетінін жеткізді.
“Өтінеміз, қызымызды Отанға жеткізуге көмектесіңіздер. Егер қазақстандық мамандар оған мүмкіндік бере алса, оны елге жеткізуге жәрдем беріңіздер. Біз АҚШ-та қолдан келгеннің бәрін жасадық. Әртүрлі ауруханаларға жүгіндік, клиникалар іздедік, заңгерлермен, конгрессмендермен және түрлі ұйымдармен байланыстық. Бірақ мұнда басқа ауруханалармен келіссөзді тек емдеуші дәрігер жүргізеді. Оның айтуынша, ол тек бірнеше ауруханамен ғана байланысқан және әрі қарай іздеуді жалғастыра алмайды. Себебі басқа науқастары бар және тасымалдау мүмкін емес деп санайды. Уақыт таусылып барады. Біз ұзақ жауаптарды күте алмаймыз. Біздің бар үмітіміз – Қазақстан. Біздің отбасымыз үшін ең маңыздысы – қызымызға мүмкіндік пен қосымша уақыт беру”, – деп қорытты ол.
Жағдайға байланысты редакциямыз Сыртқы істер министрлігінен пікір сұрады.
“Біз бұл жағдайдың баласын аман алып қалу үшін барын салып жатқан отбасы үшін қаншалықты ауыр екенін түсінеміз. Сондықтан қазақстандық дипломаттар бала Қазақстан азаматы болмаса да, ата-анасымен тұрақты байланыста болып, өз құзыреті аясында отбасына қажетті қолдау көрсетіп жатыр”, – деді ведомство.
Анасы қазір желіде қызының атына жеке парақша ашып, жағдайымен бөлісіп отыр. Көмек көрсетем деушілер сілтемеге өте алады.
Бурабайға шомылуға барған отбасы тері ауруын жұқтырған: Дәрігер қазақстандықтарға ескерту жасады
Оқыңыз