“Күтпеген бала” болсам, не болыпты?" Тұрсен Алагөзовтің ұлы әкесінің сөзіне қатысты пікір білдірді

Белгілі кәсіпкер Тұрсен Алагөзовтің ұлы Арсен Алагөзов әкесінің бір сұхбатта өзі туралы “күтпеген бала” деген сарында айтқан сөзіне қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Арсен Алагөзов әкесімен 8 жыл бойы араласпаған. Ол тележүргізуші Динара Сәтжанға берген сұхбатында өткенге өкінбейтінін және болған жағдайдың бәрін өмірлік тәжірибе ретінде қабылдайтынын айтты.
“Мен мұның бәрін тәжірибенің бір бөлігі деп есептеймін. Ештеңеге өкінбеймін. Әрине, кейде “бәрі басқаша болуы мүмкін еді” деп ойлайсың. Бірақ одан не өзгереді? Біз бұл жолдан өтіп қойдық. Өкінуге уақытым да, күшім де жоқ. Қалай болды, солай болды. Бұл бәріміз үшін тәжірибе болды. Әркім бұл жолды шамасы келгенше жүріп өтті”, – деді ол.
Арсен бүгінде әкесіне қатысты ешқандай сұрағы қалмағанын айтады. Ол Тұрсен Алагөзовті өзіндік мінезі бар адам ретінде сипаттады.
“Қазір менің әкеме қатысты ешқандай сұрағым жоқ. Жауап іздеп жүрген де жоқпын. Тіпті кейбір жауаптар болмаса да, мен жай ғана түсіндім: менің әкем осындай адам. Ол жаман адам деген сөз емес. Ол – өзіндік мінезі бар адам. Керемет кәсіпкер, бизнесмен, көп адамға көмектескен, қамқор жан”, – деді Арсен.
Сонымен қатар ол бала кезінде әке тәрбиесі мен назарын көбірек қажет еткен болуы мүмкін екенін жасырмады. Бірақ бұл үшін ренжіп, шағымданғысы келмейтінін айтты.
“Иә, бәлкім, кей тұста әке тәрбиесі, әке назары жетіспеген шығар. Бірақ мен ренжімеймін. Адамдардың тағдыры әртүрлі. Біреулер бала кезінен ата-анасыз өседі, біреулердің ата-анасы ерте қайтыс болады. Сондықтан мен шағымданбаймын. Шүкір, менде бәрі жақсы. Мені Алла жақсы көреді, анам, әпкем, жақындарым жақсы көреді”, – деді ол.
Арсен әкесінің бұған дейін ел алдында айтқан кейбір сөздеріне қатысты да пікір білдірді. Бұған дейін, Тұрсен Алагөзов сұхбаттарының бірінде ұлын алғаш рет екі жасында көргенін және оны “күтпеген бала” деген сарында пікір айтқан еді.
“Әкем Әмина екеуміз туралы айтқанда, мені екі жасымда алғаш көргенін, ол кезде Қытайда болғанымды айтты. Бірақ мен бір нәрсеге сенімдімін: мен үлкен махаббатпен дүниеге келдім. Ол жай ғана мұны есінде сақтамаған шығар”, – деді Арсен.
Оның айтуынша, бұл сөздердің өзіне әсер еткен тұсы – жеке тақырыптың бүкіл ел алдында айтылуы.
“Мені көбірек қынжылтқаны – мұның бүкіл ел алдында айтылғаны. Әрине, мұндай сөздердің көпшілік алдында айтылғаны жағымсыз. Мен мұны қатты ренжідім деп айта алмаймын. Тек адамдар білсін деймін: менде бұл тақырып бойынша ешқандай құпия да, өкпе де жоқ. Мен мұндай әңгімеден қашпаймын, ашық айта аламын”, – деді ол.
Арсен әкесінің “егер ұлым Шымкенттегі сыра зауытын басқара алмаса, оны қызметтен алып тастаймын” деген сөзіне де түсіністікпен қарайтынын жеткізді. Ол жауапкершілігі бар қызметте адамның туыстық қатынасына емес, нәтижесіне қарау керек деп санайды.
“Әкемнің бұл сөзін зауытта да адамдар талқылады. Ал мен іштей: егер адам жұмысын алып жүре алмаса, оны неге қинау керек деп ойладым. Біз мұнда тақта отырған жоқпыз. Біз ақша табамыз, адамдарға жалақы төлейміз. Егер мен өз міндетімді орындай алмасам, әкемнің ұлы болсам да, мені бұл қызметте ұстап отырудың қажеті жоқ. Сондықтан мен бұл сөзді қалыпты қабылдадым”, – деді Арсен.
Сондай-ақ ол елдің өзін аяғанын қаламайтынын айтты. Арсеннің сөзінше, ол өзін тағдырдың құрбаны емес, керісінше, мықты әрі сенімді адам ретінде сезінеді.
“Кейін әкем мен Амина туралы айтқан подкаст шыққанда, адамдардың мені аяй бастағанын байқадым. Ал мені біреу аяса, өзімді жайсыз сезінемін. “Күтпеген бала” болсам, не болыпты? Мен махаббатпен дүниеге келдім. Алла маған бәрін берді. Өзімді мықты, сенімді жігіт ретінде сезінемін. Сондықтан бәрі жақсы. Мені аяудың қажеті жоқ. Мен аяйтын адам емеспін”, – деді Тұрсен Алагөзовтің ұлы.
Еске салайық, бұған дейін Арсен Алагөзов Баян Мақсатқызымен қарым-қатынасы туралы айтқаны хабарланған еді.
Бурабайға шомылуға барған отбасы тері ауруын жұқтырған: Дәрігер қазақстандықтарға ескерту жасады
Оқыңыз