Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Сенім қалыптастыруға тырысып жүрміз": Тұрсен Алагөзовтің ұлы Баян Мақсатқызымен қарым-қатынасы туралы айтты

Арсен Алагөзов пен Баян Мақсатқызы
Фото: Видеодан скриншот \ instagram.com/bayanmaxatkyzy

Белгілі кәсіпкер Тұрсен Алагөзовтің ұлы Арсен Алагөзов тележүргізуші Динара Сәтжанға берген сұхбатында Баян Мақсатқызымен арадағы қарым-қатынасы жайлы айтып берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Оның сөзінше, бүгінде олар сыйластықты сақтап, сенімге негізделген байланыс орнатуға тырысып жүр.

Арсен Баян Мақсатқызымен қарым-қатынасы құрметке негізделгенін жеткізді. Ол әр тарап бір-бірін тыңдап, түсінуге және өзара сенім қалыптастыруға күш салуы керек деп санайды.

“Баян Мақсатқызымен қарым-қатынасымыз сыйластыққа негізделген. Біз оны сенімге құрып, бір-бірімізді тыңдап, естуге тырысып жүрміз. Менің ойымша, әр тарап бір-біріне қарай қадам жасауы керек. Өз тарапымнан Баян Мақсатқызының, Айару мен Айсәуленің маған сенім артуы үшін әрекет етіп жүрмін”, – деді Арсен.

Оның айтуынша, Айсәуленің жолдасы Әлішер Қайдаровпен де қарым-қатынасы жақсы. Екеуі бірден тіл табысып кеткен.

“Әлішермен қарым-қатынасым жақсы. Біз тез тіл табыстық, онымен сөйлесу оңай. Қыздармен де қарым-қатынасым жақсы. Бірақ менің тарапымнан көбірек әрекет, көбірек ықылас керек болғанын түсіндім. Бәріміздің тату болғанымызды қалаймын. Қанша күрес, қанша түсініспеушілік болды, енді ешқандай соғыс болғанын қаламаймын. Сондықтан өзімнің сабырлырақ болуым керек екенін түсіндім”, – деді ол.

Арсен Әлішердің жауапкершілігі көп екенін, соған қарамастан жұмыста да, отбасында да өзін жақсы ұстап келе жатқанын айтты. Оның сөзінше, олар бір-біріне қолдау білдіріп, ақылдасып тұрады.

“Әлішер – үлкен азамат. Оның жұмыстан бөлек отбасы, жары, үш қызы бар. Ал мен мұнда жалғызбын, өзіммен-өзіммін. Оның жұмыста да, үйде де міндеті көп. Мен оның бәріне төтеп беріп, сонымен қатар нәтижеге жетіп жүргеніне мақтанамын. Әлішер – жарады. Біз бір-бірімізді қолдаймыз. Ол да мені қолдайды, көмектеседі, тыңдауға тырысады. Кеңес керек кезде оған бөлісемін, ол мені түсінеді”, – деді Арсен.

Сондай-ақ ол әкесінің өзіне сенім артқаны үшін алғыс білдірді. Арсеннің айтуынша, арада өткен сегіз жылда бұл сенімге сызат түскен кездер болған. Дегенмен әкесі оған қайта мүмкіндік берген.

“Мен оған сенімі үшін ризамын. Өйткені осы сегіз жылда мен өзім сол сенімді әлсіреттім. Әкем үшін сенім мәселесі оңай емес. Сондықтан оның маған жабылып қалмағанына алғыс айтамын. Мен оған ақша да, басқа амбиция да керек емес екенін айттым. Маған онымен әке мен бала ретінде сөйлесудің өзі маңызды. Ең бастысы – әкемнің бар екенін сезіну. Соның өзі мен үшін жеткілікті”, – деді ол.

Арсеннің сөзінше, Тұрсенғали Алагөзов оған ортақ іс, ортақ мақсат және ортақ миссия бар екенін айтқан. Әкесі үшін отбасының бірлігі мен әулет ішіндегі қолдау маңызды.

“Ол маған біздің ортақ ісіміз, ортақ мақсатымыз, миссиямыз бар екенін айтты. Тегіміз бір, қанымыз бір. Әкем Алагөзовтер жағынан Асқар болғанын, бірақ Асқардың өмірден өткенін айтты. Жақын адамдар азайып бара жатқанын жеткізді. Оның Баян Мақсатқызы жағынан Айару мен Айсәулесі, Алма мен Алисасы, мен және Амина бар. Екі отбасын қосқанда бес қыз, бір ұлмыз. Сол кезде ол маған менің қолдауым керек екенін айтты”, – деді Арсен Алагөзов.

Еске салайық, бұған дейін Тұрсен Алагөзов те бірінші некесінен туған балаларымен қарым-қатынасы жайлы айтқаны хабарланған еді.

Балнұр Рахматуллақызы
Сейсенбі, 30 Маусым, 2026 14:32