Блогер модельді акулаға жем ретінде суға түсіріп, жұрттың ашуын туғызды

АҚШ-та блогер модельді акулаға жем ретінде суға түсіріп, көпшіліктің сынына қалды. Ол қызды қармақ жібіне байлап, жыртқыштарды тарту үшін қасына өлі балық ілген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Daily Mail-ге сілтеме жасап хабарлайды.
Оқиға Флорида штатында болған. 26 жастағы канадалық модель Сесе Роуз TooTurntTony лақап атымен танымал блогер Энтони Доусонның қауіпті челленджіне қатысуға келіскен. Қызды айлақ маңындағы суға түсірген. Бір сәтте акула жемді тістеп алып, модельді өзімен бірге сүйрей жөнелген. Салдарынан Сесе Роуз су астына кетіп қалған.
Модельдің айтуынша, ол шамамен екі минуттай су астында қалып, жанұшыра көмек сұраған. Кейін Сесе Роуз қатты қорыққанын айтып, бұл әрекеттің тым қауіпті әрі ақталмайтын тәуекел болғанын мойындады.
Ал бұған дейін теңіз жануарларына қатыгездік танытқаны үшін заңмен мәселесі болған блогер кейін бұл шоудың сәтсіз шыққанын айтты. Оның сөзінше, жем ретінде кішірек нәрсе қолдану керек болған. Блогер адамдар да, акулалар да зардап шекпегенін жеткізген.
Видео 10 миллионнан астам қаралым жинады. Алайда желі қолданушылары мен табиғат қорғаушылары блогердің әрекетін қатаң сынға алды. Олар оны адамның өміріне қауіп төндірді және акулаларға қатыгездік көрсетті деп айыптады.
Сонымен қатар блогердің акулаларды қайыққа шығарып, тіпті балалардың олардың үстіне отыруына рұқсат бергені де көпшіліктің наразылығын тудырды.
Астанада ойын орталығында 4 жасар бала тоқ соғып жарақат алды: Анасы орталықты тексеруді талап етті
Оқыңыз