Астанада ойын орталығында 4 жасар бала тоқ соғып жарақат алды: Анасы орталықты тексеруді талап етті

Астанада орналасқан ойын кешендерінің бірінде 4 жасар бала ток соғып, жарақат алған. Оқиғадан кейін баланың анасы орталық тарапынан тиісті шаралар қабылданбағанын айтып, шағымданып, өзге ата-аналарды сақ болуға шақырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Тұрғын оқиғасын желіде баяндады. Айтуынша оқиға Amiland ойын орталығында болған.
“Құрметті Астана қаласының ата-аналары мен тұрғындары, тексеріс толық аяқталғанша Акмешіт көшесі, 1/2 мекенжайында орналасқан Amiland ойын орталығына бармауларыңызды сұраймын! 27-сі күні сағат 16:20 шамасында менің 4 жасар ұлым ойын кешенінде электр тогына түсіп, қолын күйдіріп алды. "Альпинист" аттракционының артында ашық электр сымы немесе қауіпті кернеу болғаны анықталған. Менің қолымдағы мәлімет бойынша, ол жерде жерге тұйықтау жүйесі болмаған. Ал кернеу 220В болуы мүмкін. Балам қосқышқа жетпек болған, бірақ жете алмаған. Содан кейін оны өшіруге тырысып, темір құрылымдар арқылы өтпек болған. Дәл сол сәтте оны ток соғып, қолы күйіп қалған”, – деп жазды ол.
Баланың анасы ойын орталығы қызметкерлері баланы алаңсыз қалдыра алатынын айтқан. Соған сенгендіктен алаңға ұлын жалғыз жіберген.
“Бірақ камера жазбасында қасында күтуші тұрған. Алайда ол балаларды тоқтатпаған және бұлай ойнауға болмайтынын түсіндірмеген. Маған орталықтан қоңырау шалып, балам құлап, тыныштала алмай жатыр деді. Бірақ мен келген кезде оның қолында күйік бар екенін көрдім. Не болғанын түсінбей, өзім жағдайды анықтай бастадым. Сол жерде қатты шошып, не істерімді білмедім. Әкімшіліктен дәрі қобдишасын сұрадым. Бірақ онда қажетті құралдардың көбі болмады. Баламның қолын суық сумен шайып тұрдым. Жағдайы сәл жақсарғаннан кейін ұлым аяғы мен арқасының ауырып тұрғанын айтты. Шошынып, күйеуіме қоңырау шалдым. Біз бірден жарақат пунктіне барып, баланы толық тексеруден өткіздік”, – деп қосты ол.
“Басшылық құрам жас, баламның жағдайын сұрамады”
Анасының айтуынша осы уақыт ішінде орталық қызметкерлерінің ешқайсысы келіп, көмек керек пе деп сұрамаған.
“Баланың жағдайын да сұрамады. Кейін ғана мен өзім жағдайды анықтауды талап ете бастадым. Себебі ауруханада оқиғаға байланысты полиция да іске араласты. Баламды ток соққан. Біраз тексерістен өттік. Тіпті бізге жүрек ырғағының бұзылуы сияқты асқыну қаупі туралы да ескертілді. Бірақ қазір баламның жағдайын егжей-тегжейлі айтқым келмейді.
Менің мақсатым — ата-аналарға ескертіп, бұл орталыққа әзірге бармауға шақыру. Мен ойын аймағын жауып, толық тексеріс жүргізуді сұрадым, бірақ ол орындалмады. Қазір тексеріс жүріп жатқанын айтқанымен, ойын орталығы әлі де жұмыс істеп тұр, балалар ойнап жүр. Мұны қалай түсінуге болады? Егер кернеу одан жоғары болса немесе менің баламның орнында кішкентай бала болғанда не боларын ойлаудың өзі қорқынышты. Сондай-ақ менің түсінуімше, басшылық құрам негізінен жас адамдардан тұрады. Мұндай бизнесті жүргізіп отырып, балалар қауіпсіздігін бірінші орынға қоймау және мұндай жағдайларда қалай әрекет ету керектігін білмеу өте түсініксіз. Сақ болыңыздар, балаларыңызды қадағалаңыздар”, – деп қорытты ол.
Редакциямыз жағдайға байланысты Amiland ойын орталығынан пікір сұрады. Орталық толық тексеріс жүргізілгенін алға тартты.
“Оқиғадан кейін бірден ойын орталығының әкімшілігі отбасымен байланыста болды. Отбасыға материалдық көмек көрсетілді. Біз отбасының уайымын түсінеміз және балалардың қауіпсіздігі сөзсіз басты басымдық болуы керек деген пікірді толық қолдаймыз.
Оқиғадан кейін сол аймаққа кіру дереу шектеліп, құрылыс бөлігі қоршалды және пайдаланудан шығарылды. Келесі күні маман жабдықты толық тексеріп, жөндеу жұмыстарын жүргізді. Ал кейін ақау толық жойылды. Сонымен қатар, мұндай жағдай қайталанбауы үшін қосымша тексеріс жүргізілді”, – деді ресми пікірде.
Орталық сонымен қатар қоғамдық резонансқа байланысты кейбір маңызды деректерді нақтылады. Айтуынша оқиға кезінде бала ойын аймағында ересек адамның қарауынсыз болған. Жеке күтім рәсімделмеген.
“Алдын ала мәлімет бойынша, бала аттракцион конструкциясындағы саңылауға қолын салып жіберген. Соның салдарынан жазатайым оқиға болған. Орталық ашылған сәттен бастап барлық келушілерге кіреберісте және аттракциондардың жанында ережелер ілінген. Онда 14 жасқа дейінгі балаларды міндетті түрде ересек адам ертіп жүруі керектігі және бала қауіпсіздігіне ата-аналар жауапты екені көрсетілген.
Сондай-ақ ойын орталығының ережесіне сәйкес, жабдық жұмыс істеп тұрған кезде оның саңылауларына қол, аяқ немесе басқа дене мүшелерін салуға тыйым салынады. Ересек адамдар ойын аймағына тегін кіре алады. Бұл бала жанында үнемі болып, оның қауіпсіздігін бақылау үшін қарастырылған. Қажет болған жағдайда жеке күтуші қызметі де бар. Біз жабдықтың техникалық жағдайына жауапкершілікті жоққа шығармаймыз. Оқиғадан кейін қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, ақау жойылып, тексеріс жүргізілді. Уәкілетті органдармен ынтымақтастыққа дайынбыз және барлық ақпаратты беруге әзірміз. Бұл жағдай қауіпсіздік жүйесін қайта қарауға себеп болды. Балалар қауіпсіздігі – басты басымдық”, – деп қорытты орталық жауабында.
Астана полиция департаменті де оқиғаға байланысты тексеріс жүріп жатқанын мәлімдеді.
Астанада ойын орталығында 4 жасар бала тоқ соғып жарақат алды: Анасы орталықты тексеруді талап етті
Оқыңыз