Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ұрланған көлік сатып алған қазақстандық сот арқылы ақшасын қайтарып алды

ұрланған көлік сатып алған ер адам соттың алдында жи
Фото: Жасанды интеллект

Таразда ұрланған көлікті сатып алған ер адам сот арқылы 6,5 млн теңге өндіріп алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Тараз қалалық соты екі азамат арасындағы автокөлікті сатып алу-сату шартын бұзу және төленген ақшаны өндіріп алу бойынша азаматтық істі қарады.

2024 жылдың маусым айында тараптар арасында 2022 жылы шығарылған Hyundai Elantra автокөлігін 6,5 миллион теңгеге сатып алу-сату мәмілесі жасалған. Алайда сол жылдың қазан айында аталған көлік Алматы қаласында тергеліп жатқан қылмыстық іс бойынша заттай айғақ ретінде полиция қызметкерлері тарапынан сатып алушыдан тәркіленген.

Істі қарау барысында көліктің бұрын ұрланғаны, кейін бірнеше рет қайта сатылғаны анықталған.

Сонымен қатар автокөліктің сәйкестендіру деректері (VIN-нөмірі) оның нақты техникалық сипаттамаларымен сәйкес келмейтіні анықталды. Бұдан бөлек, дәл осындай VIN-нөмірі бар ұқсас автокөлік Ресейдің Самара қаласындағы хабарландыру сайттарынан табылғаны анықталып, бұл сату кезінде ұсынылған құжаттардың жалған екенін растады.

Сот талап қоюшының жауапкерден сатып алған көлігі техникалық паспортта көрсетілген мәліметтерге сәйкес келмейді деген қорытындыға келді.

Суд шешімімен талап қоюшының талабы толық қанағаттандырылды. Сатып алу-сату шарты бұзылып, жауапкерден талап қоюшының пайдасына 6,5 миллион теңге, мемлекеттік баж салығы және өкілдің қызметіне кеткен шығындар өндірілді.

Дана Русланқызы
Сейсенбі, 30 Маусым, 2026 22:53