Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жол ақысын төлемеген": Астанада автобус ішінде баллонынан газ шашқан ер адамға 73 мың теңге айыппұл салынды

Астанада қоғамдық көліктің жолаушысы бақылаушы төлем сұрағаны үшін автобус ішінде баллонынан газ шашып жіберді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото желі кадрларынан

"City Transportation Systems" ЖШС мәліметінше, оқиға 1 мамырда № 21 маршрутта "Ailand отбасылық демалыс орталығы" аялдамасында болған.

"Жолаушылардың бірі CTS көліктік бақылау департаментінің қызметкеріне жол ақысын төлеуден бас тартатынын айтты. Салондағы басқа жолаушылар ер адамға ескерту жасай бастады. Жолаушылардың бірінің жеке ескертуіне қарсы шыққан ол арнайы құтысынан газ шашып жіберді", – делінген хабарламада.

Полиция департаментінің қызметкерлері ер адамға қатысты 73 840 теңгеге айыппұл салумен әкімшілік хаттама жасағанын алға тартты.



"Құрметті жолаушылар, қоғамдық көлікте жол ақысын уақытылы төлеуді, тексеру кезінде билетіңізді көрсетуді, сондай-ақ басқа жолаушыларды құрметтеуіңізді сұраймыз", – деп толықтырды көлік компаниясы.

Еске салайық, Алматыда автобус бір топ жаяу жүргіншіні қағып кетіп, салдарынан 3 адам қаза тапқан еді. Полиция мәліметінше, 47-бағыттағы автобустың жолаушысы жүргізуші әйелді ұрған. Кейін жүргізушіні соққыға жыққан сотталушы 8 жылға бас бостандығынан айырылды.

 

Талқылау