"Жыныстық жолмен жұғатын инфекция деп айтты": Алматылық келіншек сәбиінің өліміне перзентхана қызметкерлерін кінәлады
Алматы қаласының тұрғыны Аида Ержанова екі жылдан бері әділдік іздеп жүр. Сөзінше, перзентхана дәрігерлерінің салғырттығынан шақалағы шетінеп кеткен. Онымен қоймай жас ана ақ халаттылар ана мен балаға қате диагноз қойған дейді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Аида Ержанқызы екі жыл бұрын жансақтау бөлімінде шетінеген сәбиінің киілмеген киімдері мен ойыншықтарын да сақтап қойған. Құрсақта сап-сау жетіліп, айы-күні толғанда өмірге келген қызының өліміне Аида перзентхана дәрігерлерін кінәлап отыр.
“Бала тұншығып туылды, яғни ауа жетпегеннен баланың үлкен дәреті, мекониясы шығып кеткен. Сөйтіп бала реанимацияда 18 сағат өмір сүріп көз жұмды. Бала туыла салысымен “балада жатырішілік инфекция болды” деп өтірік өтірік диагноз жазып, аурулар тарихындағы ақпараттарды өзгерткен. Ал негізінде мына вирус жыныстық жолмен жұғатын ауру деп айтты”, – дейді Алматы тұрғыны Аида Ержанқызы.
Аида дәрігерлердің “сіздегі жыныстық жолмен жұғатын вирус сәбиіңіздің шетінеуіне себеп болуы мүмкін” дегені жанына қатты батқанын айтады. Қызының өлімінен кейін өзі мен жолдасының қанында қауіпті инфекцияның болмағанын дәлелдеп берген екен. Ал денсаулық сақтау басқармасы мамандарының айтуынша, осы іске байланысты екі жылдан бері перзентханада екі рет тексеру жұмыстары жүргізіліпті.
“№5 перзентхана бойынша кемшіліктер табылған. Диагноз қоюға байланысты, ем-дом жүргізуге байланысты, тексеруге байланысты, диагностика жасауға байланысты бірнеше кемшіліктер табылған. Бұл бойынша тергеу жұмысы жүргізіліп жатыр”, – деді Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің алматы қаласы бойынша департаментінің басшысы Дамир Абайдылдаұлы.
Ал сәбиінен айырылған ана жұмысына салғырттық танытқан ақ халаттыларға қатысты іс бұрмаланбай, әділ өтсе дейді.