Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жыныстық сауатымыз өте төмен": Белгілі журналист Әсел Ергешқызы секс пен оргазм туралы не үшін әңгімелейді

Бір кездері экран алдында мүшеқап ашып, көпшіліктің сынына қалған тележүргізуші Әсел Ергешқызы бағдарламасын қазақ қоғамына қажет деп ойлайды. Бұл туралы ол Stan.kz ақпарат агенттігінің тілшісіне сұхбат берді. Оның жыныстық қатынас тақырыбын көтеруіне 12 жасқа толмағандардың жүктілігі, түсік, белсіздік пен бедеуліктің көрсеткіші себеп болған. Белгілі журналист осы арқылы қазақтардың төсек қатынасы туралы сауаттылығын арттырып жүргенін айтады.

Әсел

Пәктігінен айырылған қыз – ол ересек өмірді таңдаған әйел!

–    Әсел ханым, "Жабық тақырып" бағдарламасы ұят саналатын тақырыптың қыр-сырын түсіндіріп, жыныстық сауаттылықты арттырады. Жалпы, бұл тақырып қазақ қоғамына қаншалықты керек?
–    Біз тура осы тақырыпты, яғни жыныстық тәрбие, сауаттылықты тек тұспалдап жеткізуге, жалпылама айтуға дағдыланғанбыз ғой. Ашық айту - ҰЯТ! Қоғамның бірден қабылдай қоймағаны да қуантады. Бәрін бірдей қабылдай беретін, сіңіре беретін қоғамның иммунитеті өте төмен боп саналады. Ақырындап қабылдайды. Қабылдауға мәжбүрміз. Себебі, жыныстық сауатымыз өте төмен! Соңғы жылдардағы тері-венерологиялық зерттеу институтының статистикасына қарасақ, ерте жүктіліктің көбеюі мен дәретханадан табылатын шараналардың тағдырына алаңдасақ, мектеп жасындағы балалардың дүркіретіп той өткізіп жатқанын ескерсек, бұл тақырыпты да ашық айтатын кез келген сияқты. Қазақ "айтпа" деген жоқ қой. "Айтпаса сөздің атасы өледі" немесе "Ауруын жасырған өледі" деген сөзі бар.

–    Бұл тақырыпты қозғауыңызға не түрткі болды? Әлде белден төменгі әңгімелердің көрсетілімі жоғары болғандықтан да таңдап алдыңыз ба? 

–    Статистика түрткі болды. Жыл сайын жұқпалы аурумен ауратындардың, 12 жасқа толмағандардың жүктілігі, түсік, белсіздік пен бедеуліктің цифрлары өршіп жатыр. Бірақ, бізде оның алдын алуды, сақтануды ұсынатын бағдарлама жоқ. Денсаулық сақтау министрі мектептерге тегін мүшеқап тарату керек десе, өре түрегелеміз. Неге мұндай шешім қабылдады екен деп себебіне үңілмейміз. Қазақ қоғамы үшін тың әрі пайдасы бар тақырып болғаны үшін таңдадым. Қазақтілді влогтар рейтинг үшін танымал адамдармен сұхбат құру мен ойын-күлкі, шоудан аса алмай тұрмыз. Танымдық дүние жоқ! Менің влогымның астына неше түрлі пікір қалдырып жатса да, ол адамда сол проблема бар және өзіне керек ақпаратты алатынына сенемін!

–    Жалпы мүшеқап әр ер баланың қалтасында немесе қыздың сөмкесінде жүруі тиіс деп айтады кейбір мамандар. Сіз бұған не айтар едіңіз?

–    Әр дегенді анықтап айту керек. Жыныстық қатынасқа түсуге бейім әйелдер мен ерлер деген дұрыс шығар. Қолдаймын! Егер ол пәк, жігітпен не әйелмен жақын қарым-қатынаста болмаса, оған қажеті жоқ! Қажет етпейді де!

–    Қызға қырық үйден тыю деген бар. Ал сіз керісінше, мүшеқап салып беруді ұсынып жатырсыз ба?

–    Әңгіме қыз жайында емес, айтып өттім, жыныстық өмірге бейімделген әйелдер мен еркектер жайында. "Беті ашылмаған" деген сөз бар қазақта, қыздарға қарата айтылады. Ал, пәктігінен айырылған қыз – ол ересек өмірді таңдаған әйел! 

тележүргізуші

 

Физикалық тұрғыдағы жыныстық сауатын арттыруды 11-12 жастан бастаған дұрыс


–    Жастардың жыныстық тәрбие туралы білімдері қаншалықты жеткілікті, жалпы балаға неше жастан үйреткен дұрыс деп ойлайсыз?

–    Жастар түгілі, біз, үлкендер жыныстық сауатымызды арттыруымыз керек. Баламыздың сұрағына жауап беру үшін өзіміз білуіміз керек, әуелі. Жыныстық тәрбие 2-3 жастан басталады. Ол "сен қызсың, саған мынау болмайды", "сен ұлсың, қуыршақпен ойнама, анаңның бояуын ұстама" деуден, оның әуелі жынысын түсіндіруден басталады. Ал физикалық тұрғыдағы жыныстық сауатын арттыруды 11-12 жастан бастаған дұрыс. Бұл - менің ойым. Себебі, 11 жастан бастап балада түрлі қызығушылықтар пайда бола бастайды. Сыныбындағы қызды сүйіп кету, қызға қызығу, апайына ғашық болу... Дәл осы уақытта ата-ана баласының сексуалды конституциясын анықтауға, онымен ашық сөйлесуге дайын болу керек.

–    Бағдарламаңыздың астында «Одан да порно сайтын жасамадыңдар ма?», «Ақша табу үшін неше түрлі тақырыпты қозғайтын болды»,  «Әйел мен еркектің жыныстық мүшелерін сөз қылудан ұялмайсың ба?» деген толассыз пікірлерді көруге болады. Мұндай сөздер намысыңызға тиіп кетпей ме?

–    "Диванның батырлары" дейді мұндайларды. Жыныстық сауат пен порноны ажырата алмаған адамның жазбасына мән де бермеймін.

–    Қазақ қыздары мен жігіттерге жыныстық қатынасы сауаттылығы туралы не кеңес берер едіңіз?

–    Мазалаған сұрақ болса, ата-аналарынан ұялмай сұрау керек. Оларға ата-анасынан артық ешкімнің жаны ашымайды. Дәрігерге барсын. Уролог, гинеколог, сексолог деген мамандар тек проблема туғанда ғана іздейтін адамдар емес. Проблеманың алдын алуға көмектеседі. Өз болашақтарына алаңдаса, дені сау ұрпақтың ата-анасы атанғысы келсе, мамандардан кеңес алғандары дұрыс.

–    Осы тақырыпты журналист ретінде зерттеген адам ретінде - неше жаста алғашқы жыныстық қатынасқа түсуге кеңес бересіз?

–    Мен кеңес бере алмаймын, сексолог емеспін. Әр адамның сексуалды конституциясы болады. Біреу ерте, біреу кеш қалайды.

–    Некеге дейін жыныстық қатынасқа түсуге бола ма?

–    Қазақтың тәрбиесі дінмен тікелей байланысты ғой. Дінде рұқсат жоқ. Қазақ "Он үште отау иесі" деп, біліп айтқан. Мен сұхбаттың басында айтып кеткен проблеманың барлығы осы кездейсоқ жыныстық қатынастан шығады.

–    Бағдарламаңызды ата-енеңіз, күйеуіңіз, жақындарыңыз көре ме? Олар қандай пікірде?

–    Көреді. Кәсіби міндетім деп қарайды.

–    Жасап жатқан дүниеңіз, біліміңіз жеке өміріңізде көмектесе ме?

–    Әрине!

–    Қазақтардың төсектегі басты проблемалары? Эксперименттерге ашық па?

–    Егер, қазақ қоғамында ажырасу азайса, ерлі-зайыптылар жыныстық өміріне қанағаттанса, бір-біріне өз қалауларын ашық айта алатын болған екен деп қабылдаңыз.

 

Сұхбаттасқан Анар ДӘУКЕН
 

Талқылау