Ұшақ билеттері қымбаттауы мүмкін: Қазақстанда үш әуе бағыты тасымалдаушысыз қалды

Азаматтық авиация комитеті бірқатар субсидияланатын рейстерге әуе тасымалдаушысын анықтау үшін қайта конкурс жариялады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Көлік министрлігінің хабарлауынша, тасымалдаушыларға Шымкент пен Қарағанды, Жезқазған мен Қарағанды, сондай-ақ Қызылорда мен Ақтау арасындағы бағыттарға қызмет көрсету ұсынылады.
Жарияланған шарттарға сәйкес, рейстер 2026 жылдың маусымынан желтоқсанына дейін аптасына екі рет орындалады. Бір бағыттағы билет құны Шымкент–Қарағанды бағыты бойынша 20 мың теңге, Жезқазған–Қарағанды бағыты бойынша 13 мың теңге, ал Қызылорда–Ақтау рейсі бойынша 25 мың теңге болады.
Аталған әуе тасымалдарын субсидиялауға республикалық бюджеттен 672 миллион теңге қарастырылған. Ең көп қаржы Қызылорда–Ақтау бағытына бөлінген – 317 миллион теңгеден астам. Шымкент–Қарағанды рейсіне шамамен 198 миллион теңге, ал Жезқазған–Қарағанды бағытына 157 миллион теңгеден астам қаражат көзделген.
Министрлік мәліметінше, конкурсқа әуе операторының сертификаты бар, тұрақты ішкі рейстерді орындауға рұқсаты бар және салықтар мен басқа да міндетті төлемдер бойынша берешегі жоқ қазақстандық әуе компаниялары қатыса алады. Сонымен қатар тасымалдаушылардың қаржылық резерві болуы және жолаушылар сыйымдылығы кемінде 50 орындық әуе кемелері болуы тиіс.
Өтінімдерді қабылдау 4 маусымда аяқталады, ал конкурс ұсыныстары бар конверттер 5 маусымда Астанада ашылады. Бұған дейінгі іріктеуге қатысқан әуе компаниялары үшін құжаттарды тапсырудың жеңілдетілген тәртібі қарастырылған.
Жарияланған хабарламада бұл бағыттар бойынша қайта конкурс өткізудің себебі нақты көрсетілмеген.
Қазақстандық әйел топтық зорлаудан кейін 17 жасында бала туған: Ол америкалық ата-ана асырап алған қызын іздеп жүр