Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Асырап алған алты баланы азаптап келген: Қарағанды облысында қамқоршылар 12 жылға сотталды

Жылап отырған бала
Фото: depositphotos.com

Қарағанды облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында патронаттық тәрбиедегі алты балаға қатысты азаптау дерегі бойынша  іс қаралып, үкім шығарылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Ерлі-зайыптылар Г мен Д, сондай-ақ олардың қызы Б-ны сот кәмелетке толмағандарға қатыгездік көрсету, тәрбиеленушілердің біріне ауыр дене жарақатын салу және өзге де қылмыстар бойынша кінәлі деп таныды.

“Іс материалдарына сәйкес, 2018 жылы ерлі-зайыптылар ата-анасының қамқорлығынсыз қалған алты баланы патронаттық тәрбиеге ресми түрде қабылдаған. Олардың қатарында 2008, 2009, 2011 және 2014 жылдары туған кәмелетке толмаған балалар болған. 2018 жылдан 2023 жылға дейін балалар жүйелі түрде физикалық және психологиялық зорлық-зомбылыққа ұшыраған. Тергеу мен сот барысында патронаттық тәрбиешілердің балаларды ұрып-соғып, оларға түрлі қатыгездік әрекеттерін жасағаны анықталды. Соның салдарынан тәрбиеленушілердің бірі ауыр дене жарақатын алып, ауруханаға жеткізілген”, – делінген соттың хабарламасында.

Сот талқылауы кезінде балаларға жасалған қорлықтарға патронаттық тәрбиешілердің туған қызының да қатысы болғаны белгілі болды. Қылмыстар жасалған кезде ол кәмелетке толмаған болған. Сот дерегіне сәйкес, қыз жәбірленушілерді қолымен және әртүрлі тұрмыстық заттармен ұрған. Атап айтқанда, күрек сабын, оқтауды, швабраны және басқа да заттарды пайдаланған.

Айыпталушылардың кінәсі жәбірленушілер мен куәгерлердің жауаптарымен, сот сараптамаларының қорытындыларымен және қылмыстық іс материалдарындағы өзге де дәлелдермен толық расталған.

Сонымен қатар, сот алаяқтық бойынша тағылған айыпты да қарады. Тергеу нұсқасына сәйкес, айыпталушы Г патронаттық тәрбиеші ретінде балаларды асырауға бөлінген мемлекеттік төлемдерді алып отырған, алайда қаражаттың бір бөлігін мақсатсыз пайдаланған. Анықталғандай, бұл ақшаның бір бөлігі құмар ойындарға бәс тігуге жұмсалған.

Мемлекетке келтірілген материалдық шығын көлемі 6,26 миллион теңгені құрады.

Мемлекеттік айыптаушы сотталушыларға бас бостандығынан айыру түріндегі нақты жаза тағайындауды сұрады. Сот ерлі-зайыптылардың екі кәмелетке толмаған баласының болуын жеңілдететін мән-жай ретінде ескерді. Ал балаларды тәрбиелеуге беру кезінде мемлекет артқан сенімді пайдаланып қылмыс жасауы ауырлататын мән-жай деп танылды.

Айыпталушылардың қызына қатысты қылмыс жасалған кездегі кәмелетке толмаған жасы жеңілдететін жағдай ретінде есепке алынды.

Іс бойынша Г – 12 жылға, Д – 10 жылға , Б – 4 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылды.

Сонымен қатар, сот ерлі-зайыптыларды алты жәбірленуші баланың әрқайсысына моральдық зиян өтемақысы ретінде 10 миллион теңгеден бірлесіп төлеуге міндеттеді.

Бұдан бөлек, айыпталушы Г-дан мемлекет пайдасына 6 264 256 теңге көлеміндегі материалдық шығын өндірілді.

Істі қарау қорытындысы бойынша сот Қарағанды облысы Қарқаралы ауданының білім бөліміне қатысты жеке қаулы шығарды.

Еске салсақ, осыған дейін Өскеменде өгей балаларына зәбір көрсеткен ерлі-зайыпты қамқоршылықтан айырылғанын жазғанбыз.

Дана Русланқызы
Бейсенбі, 04 Маусым, 2026 18:33