Өскеменде өгей балаларына зәбір көрсеткен ерлі-зайыпты қамқоршылықтан айырылды
Өскеменде өгей балаларын ұрып-соқты деп айыпталған ерлі-зайыпты қамқоршылықтан айырылды. Жергілікті омбудсмен Серік Мизанбеков қамқоршылық органын балаларды зәбір көрген отбасыға қайтарып беріп, әрекетсіздікке жол берді деп айыптады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Евразия” бірінші арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Видеодан скрин
Биыл жазда балалар үйінен патронаттық отбасы асырап алған қыздың денесінен соққы іздері табылды. Ерлі-зайыпты қызбен бірге оның інісін де қамқоршылыққа алған. Қамқоршылық органы баланың денесіндегі жарақаттарды көре тұра оны асырап алған отбасына қайтарып берген.
Бұл іске прокурорлар да кірісті. Олардың айтуынша, балалар осы күнге дейін лас жерде тұрып келген. Балалардың денесінен жарақаттан бөлек, күйік іздері мен түрлі гематомалар табылған. Сондай-ақ жасөспірімдердің тері ауруына шалдыққаны белгілі болды.
Балалар қазір мемлекеттің қамқорлығында. Ал оларға зәбір көрсеткен ерлі-зайыпты қамқоршылық құқығынан айырылды. Прокурорлар балалардың жағдайын біле тұра әрекетсіздік танытқан қамқоршылық органдарының қызметкерлері жауапқа тартылатынын атап өтті.
Бұған дейін Өскеменде үйіндегілерден зәбір көріп, қашып кеткен қыз ата-анасына қайтарылғаны туралы жазған едік.