Жылу орталықтарындағы апаттардың артында саяси астар бар ма – Қошановтың жауабы
Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов елдегі бірнеше қаладағы ЖЭО-да орын алған техникалық ақаулардан саяси астар іздемеуге шақырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: gov.kz
Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов жылу орталықтарындағы техникалық ақаулардың артында “собатаж немесе диверсия” тұр деген қоғамдағы ойларға қатысты жауап берді.
“Оның әртүрлі себебі бар. Бұл жыл сайын болып тұратын жағдай. Өздеріңіз білесіздер, жылу электр станциялары бар. Мыңдаған шақырымға созылған желілік жылу құбырлары бар. Мысалы, мен өңірде жұмыс істедім. Мұның бәрін жақсы білемін. Оның көбісінің тозығы жеткен. Ондаған, 20-30 жылдан бері олардың көбі жаңартылмаған. Мысалы, сізде 30-35 жылдың көлемінде бір жылу электр станциясы салынды деген ақпаратты естідіңіз бе? Салынған жоқ. Тозығы жеткен дүние сыр береді. Сыр бергеннен кейін осындай жағдайға алып келеді. Сондықтан өңірде болған әрбір жағдайға жеке-жеке баға беріп, соны тексеру керек. Менің ойымша, жалпы баға беру дұрыс емес”, – деді мәжіліс спикері Қошанов.
Еске салайық, бүгін мәжіліс кулуарында Ерлан Қошанов журналистердің экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың есімін мемлекеттік гимн авторларының тізімінен алып тастауға бола ма деген сауалына жауап берген еді. Сондай-ақ ол елімізде қос билік жоқ екенін, Назарбаев ешбір мемлекеттік іске араласпайтынын мәлімдеді.