Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандағы тұрғын үй нарығы: Жаңа үйлер арзандап, қайталама нарықта баға өскен

Қазақстанда наурызда жаңа үйлер мен жалға алу арзандап, екінші нарықтағы баспана бағасы шамалы өскен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Ұлттық статистика бюросына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: qayli.com

Ұлттық статистика бюросы стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің дерегі бойынша, 2024 жылғы наурызда Қазақстандағы тұрғынүй нарығы оң көрсеткіш көрсетті. Бір айда және жыл ішінде баға мынадай болды: 

  • Дайын үйді қайта сату көрсеткіші айына 0,2% көтеріліп, жылына минус 2,3% болған. 1 шаршы метрдің орташа бағасы – 502,8 мың (ақпанда 501,9 мың теңге) болды. 
  • Жаңа үй бағасы айына 0,4% арзандаса, жылдық көрсеткіште 1,3% қымбаттаған. Шаршы метрдің орташа бағасы – 486,6 мың теңге (ақпанда – 488,6 мың). 
  • Дайын үйді жалға беру айына 0,6% арзандап, жылына 2,3% қымбаттаған. Шаршы метрдің орташа бағасы – 4,19 мың теңге (ақпанда 4,21 мың болды). 

2024 жылғы наурызда жаңа үйдің орташа бағасы 2023 жылғы қарашадан бері алғаш рет төмендеді. Екінші нарықтағы бағалар сол қалпында қалды. Ал жалдамалы баспана екінші ай қатарынан арзандап жатыр. 

Төменде 2022 жылғы қаңтар-2024 жылғы наурыз аралығында тұрғынүй нарығындағы бағалар тұтынушылық инфляцияны ескере отырып салыстырылған. 

Бірінші нарықтағы баспана бағасы 17,6% көтерілген, екінші нарықтағы көрсеткіш 15,8% жоғарыласа, жалдамалы пәтер 37,6% қымбаттаған. Тұтынушылық инфляция +35,6% болғанын айта кетейік. 

Осылайша 2022 жылғы қаңтардан бастап тұтынушылық инфляциядан тек жалдамалы үй бағасы асып кетті. Ал бірінші және екінші нарықтағы баспана бағасы айтарлықтай артта қалған. 

Қазақстанда жаңа “Наурыз” ипотекасы пайда болғанын айта кетейік. Ипотека бағдарламасы бойынша халықтың әлеуметтік осал топтары жылдық 7 пайызбен несие ала алады. Ал қалған қатысушылар үшін бұл мөлшерлеме 9 пайыз болмақ. 

Талқылау