Жылына 100 млн теңге: Ерболат Беделхан Ninety One тобының табысын ашып айтты
Ерболат Беделхан Ninety One тобының шығармашылығы жайлы өнер сүйер қауымның көкейінде жүрген сұрақтарға жауап беріп, қазақтар неліктен күрделі тақырыптағы әндерге дайын емес екенін түсіндірді. Сонымен қатар, ол Q-pop бағытының жарық жұлдыздары бір жыл ішінде қанша табыс тапқанын журналист Аман Тасығанға берген сұхбатында ашып айтты, деп жазады Stan.kz ақпарат агенттігі.
Сурет: Talklike бағдарламасынан скриншот
Танымал продюсер топ мүшелерінің еңбегін жоғары бағалайтынын және олардан да соны талап ететінін ескерді. Беделхан Ninety One тобының мүшесі жобаға қатысу үшін 1 миллион теңгеден аса ақша сұрады деген ақпаратты растап, әншінің мұндай соманы алуға әбден лайық екенін ашып айтты. Әйтсе де, әртістердің өнері қаншаға бағаланатыны JUZ Entertainment-пен бекітілгенін түсіндірді. Топтың биылғы табысы 100 миллион теңгені құрағанын да жасырмады.
"Тоқсан бірдің осы жылғы табысы 100 миллион теңге. (...) Сапаға мен ақшаны аямаймын. "Мен өзімнің еңбегімді миллион долларға бағалаймын",- деп айтып отырамын. Сол сияқты әр бала өзінің еңбегін жоғары бағалауы керек", - деді Беделхан.
Ninety One бір жылдың ішінде мұндай ақшаны қалай табады? - деген сұраққа продюсер: "Digital монетизация, жарнамалық келісімшарттар, экслюзивтерді сату. Ninety One қазір ең үлкен, жоғары бағада тұрады. Аз болсақ та, біз өте қымбат тұрамыз. Бірақ адамдар сатып алады", - деп жауап берді.
Өнер иесі топ мүшелерінің әрқайсысы қанша алатынын жарияламаса да, табыстары сегіз жылдық келісімшартта қарастырылғанын айтты. Олардың еңбегін төлеу сәтінде экономикалық құлдырау ескеріледі.
Қазақ музыкасында жас буын ерекше жақсы көретін жаңа бағыттың негізін қалап, өнердің өрге жүзуіне атсалысып жүрген продюсер сұхбат барысында Ninety One тобының табысынан бөлек, жыл бойы атқарған жұмысы туралы сөз қозғады. Топтың жарыққа шыққан соңғы әндері туралы өз ойын бөлісті.
"Мен емес", "Бәрі біледі", "Олар", "Көйлек" атты туындыларды топ тыңдармандарынан бөлек, қазақстандықтардың басым бөлігі ыстық ықыласпен қабыл алды десек, артық айтқанымыз емес.
Әсіресе, әлеуметтік, экологиялық тақырыптарды қозғаған "Бәрі біледі" әні көпшілікті бүгінгі күні мен келешегі жайлы толғандырды. Өнер иелері "Мен емес" арқылы қазақ құндылықтарын дәріптесе, "Көйлек" әнімен арулардың көйлекті кимей кеткенін негізге алып, қыз балаларға үндеу жасаған.
Продюсер әртістер "Олар" әнімен наразылық білдіруді, әннің "Олар түсінбейді" деген тармағы арқылы біреуге қарсы шығуды, біреумен келіспеуді көздемегенін айтты.
Беделхан жігіттерге шығармашылық еркіндік беретінін, өзі дұрыс бағыт-бағдарды көрсететінін тілге тиек етті. Алайда, топ мүшелері шығарған туындылардың елу пайызын көпшілік назарына ұсынғызбайтынын жасырмады. Мұның себебін ол халықтың Ninety One қозғағысы келетін тақырыптарға дайын еместігімен, музыкада жүз пайыз еркіндіктің жоқтығымен байланыстырды.
"Заманға байланысты әндері өтпей қалады. Біздің халыққа байланысты, біз ондайға дайын емеспіз. (...) Мысалы, біздің жұмысымыздың өзі кейбір адамдардың пікіріне қайшы келіп отырады. Егер музыкаға жүз пайыз еркіндік берсек, шу көтеріледі дегендей. Содан балаларды ұстап тұрамыз", - деді ол.
Сонымен қатар, продюсер өз қарамағындағы DNA тобының шығармашылығымен тығыз жұмыс жасап жүргенін, жетістіктерімен, кемшіліктерін бақылауда ұстайтынын ескерді.

Қазақстандық блогерлер "лотереяға" тыйым салатын заңды айналып өтудің жолын тапты
