"Жылап, стресс алған": Павлодарда сабаққа джинсы шалбар киіп келген оқушы қызды мектеп директоры ұятты жағдайға қалдырған
Павлодарда мектеп директоры сабаққа киіп келген киімі үшін алтыншы сынып оқушысын ұятты жағдайға қалдырған. Ол мектепке джинсы шалбар киіп келген оқушы қызға басқаларының көзінше ескерту жасап, сынып-сыныпты кіріп аралап, жеткіншектің киімін сөз еткен, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Қанат Қазбек есімді тұрғын директордың бұл әрекеті жайлы Facebook парақшасына жариялаған.
“№22 мектептің директоры 6-сынып оқушысын алдымен бесінші сынып оқитындардың алдына, содан кейін он бірінші сынып оқушыларына алдына тұрғызып, бұлай киінуге болмайтынын айтқан. Ұятты жағдайға қалған қыз бала қатты жылап, оқиғадан кейін қатты стресс алған”, – деп жазады ол.
Өз кезегінде ата-ана білім министрінің мектеп формасын кию міндетті емес деп айтқанын тілге тиек етті. Бұған қоса, ол мектеп директорының бұл қылығына шүйлікті.
“Менің ойымша, №22 мектептің басшысы өз лауазымын асыра пайдаланып, баланың құқығын бұзған. Ескерту жасаса жеткілікті болар еді ғой”, – деп қосты желі қолдануышысы.
Әлеуметтік желі қолданушылары директордың әрекетін сынға алды.
Оқиғаға байланысты мектеп директоры Майра Мамбетова пікір білдірді.
“Футболка мен джинсы шалбар киіп келген оқушы қызға ескерту жасалды. Мектепке қандай киіммен келу керектігін көрсету үшін көрші сыныптарға кіргізілді. Қыз баланың көңілі түсіп кетті. Отбасы алдында кешірім сұрадық. Қазіргі таңда оқушы қала сыртында. Мектепке оралған соң оған психолог көмегі беріледі”, – деді білім ошағының басшысы.
Білім беру органдарының өкілдері де аталған жағдайға байланысты үнсіз қалмады.
“Павлодар қаласының білім беру бөлімінің тарапынан қызметтік тексеріс ұйымдастырылды. Алдағы уақытта осындай келеңсіз оқиғалардың алдын алу үшін мектеп директорларымен әңгімелесу жүргізілді. Бұл мәселе қатаң бақылауға алынды”, –деді қалалық білім беру бөлімінің өкілдері.
“Бұл оқиға қадағалауға алынды, тексеріс жүргізіліп, тиісті шаралар қолданылады”, – деді Павлодар облыстық білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінің өкілдері.
Айта кетсек, бұған дейін білім министрі сабаққа мектеп формасымен келу міндетті емес екенін айтқан болатын. Министрлік мәліметінше, егер ата-аналардың мектеп формасын алуға жағдайы болмаса, оқушы сабаққа ресми стильдегі киіммен келе алады.