Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
Басты жаңалықтар

Жыл басынан бері полицияға тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы 100 мың шағым түсті - ІІМ

Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов үкімет отырысында жыл басынан бері тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы 100 мыңнан астам шағым түскенін айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Ахметжановтың айтуынша, тұрмыстық зорлық-зомбылық оқиғалары көбінесе Шымкент, Астана, Алматы қалаларында, сонымен қатар Қарағанды, Павлодар және Қостанай облыстарында болған.

“Алайда олардың 60%-ында полиция тиісті шара қолдана алмаған. Себебі полицейлер оқиға орнына барғанда жәбірленушілер өтініш беруден бас тартқан", - деді министр.

Министр қазіргі қолданыстағы заң бойынша арыз-шағым болмаса зәбір көрсетушілердің жауапқа тартылмайтынын айтты. Осы жылы отбасылық-тұрмыстық  668 қылмыс жасалған. 

"Бұның салдары жүгенсіздікке, бассыздыққа әкеп соғып жатыр. Қол жұмсау әдетке айналуда.Тұрмыстық зорлық-зомбылық проблемасын тек күштеу, мәжбүрлеу шарасымен шешу мүмкін емес", - дейді Марат Ахметжанов. .

Министрдің айтуынша, полицияның қылмыстық немесе әкімшілік шаралары – тек салдармен күрес.

“Бұл жағдайдың түпкі тамыры – әлеуметтік проблемалар. Атап айтқанда, әлеуметтік тұрақсыздық, маскүнемдік, нашақорлық, психикалық ауру, құмар ойындармен әуестену, моральдық-адамгершілік құндылықтың әлсіреуі. Сондықтан, бұл мәселені шешу үшін барлық мүдделі мемлекеттік органдар, әкімдіктер, үкіметтік емес ұйымдар, барлық қоғам болып атсалысу керек", - деді Марат Ахметжанов.

Айта кетсек, жыл басынан бері тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша 35 мың әкімшілік хаттама толтырылған. Оның ішінде 10 мыңнан астам адам қамауға алынса, 8,5 мың адамға ескерту беріліп, 675 адамға айыппұл салынды.

Айнұр Мұхади
Сейсенбі, 18 Қазан, 2022 09:30
Талқылау