Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бетперде таққан адам "Жыл адамы 2023" мәртебесіне ие болды

Редакциямыз қоғамға пайдасы тиген, игі істерімен ел аузында жүрген, еңбегі еленуі қажет деп саналатын жандар туралы көпшілік арасында сауалнама жүргізді. Сауалнама мақсаты “Жыл адамы” атағына лайық адамды анықтау еді. Нәтижесінде Stan.kz ақпарат агенттігі көпшіліктің таңдауымен бетперде таққан адамды 2023 жылдың "Жыл адамы" атағына лайықты деп тапты.  

Оның игі істеріне сүйсінген халық редакциямыздың сауалнамасында “Жыл адамы” атағына осы жігіт лайық деп баға берді. Кім болса да, бетпердедегі адамға жұртшылық алғыстарын жаудырды.

Одан бөлек, бұл атаққа лайықты деп көп дауыс жинаған жандардың көш басын Ырысбала Икрамбай, Дәулет Мұқаев, Ринат Зайытов, Асхат Аймағамбетов, Димаш Құдайберген сынды тұлғалар бастады. 

Сауалнамада тіпті биыл шу болып, ел арасында үлкен резонанс тудырған Айс Мұратова мен Қуандық Бишмібаевтың да аттары аталды.

Сонымен қатар биыл талмай еңбек етіп, тасада қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүрген өрт сөндірушілер, көше тазалаушылар, шахтерлер сынды мамандықтарды да желі қолданушылары “Жыл адамы” атағына лайық көрді.

“Қақаған суықта, аптап ыстықта, жауған жаңбыр мен боран, дауылға қарамай еңбек ететін қарапайым қара жұмысшылар “Жыл адамы” деп есептеледі. Оған жол жөндеушілер, көше тазалаушылар, құтқарушылар, өрт сөндірушілер мен адам өміріне араша түсуші дәрігерлер лайықты деп ойлаймын”, – деп жазды сауалнамаға қатысушылардың бірі. 

Бетперде таққан адам не үшін “Жыл адамы” атағына лайық?

Бұл адам өзі туралы ешқандай ақпаратты бөліспейді. Түрін үнемі бетпердемен жасырып, науқастар мен қарияларға, баспанасыз қиналған жандарға, ауыр науқастарға қайырымдылық жасайды. Жұмбақ жан Instagram желісінде біраз танымалдылыққа ие болған. Алайда жұртшылық оның бетпердесіз түрін көріп, кім екенін білуге асық. 

Бетперде таққан адам биыл қазақстандықтардан бөлек, қайырымдылық жұмыстарын Африкада, Қырғызстанда да жасаған. Ол науқас, отбасын асырауға шамасы жоқ жандарға баспана алып беріп, бірнеше баланың ем алуына қаржы жинап берген. 

Жұртшылықтың таңдауына іліккен бұл жанның парақшасындағы жазбаларын ақтарып көрдік. Алғашқы жазбасы 2021 жылы Орал қаласынан басталған екен. Соған қарап, бұл жігіттің қайырымдылық істерді осыдан екі жыл бұрын бастаған деп топшыладық.

“Кұрметті бауырлар, соңғы кезде адамдар мен жануарларға мүмкіндігінше көмектессем деген ой түнімен ұйқы бермей жүр. Құдіреттің рақымымен мен осы жолды бастаймын. Көмегім бекер болмайды деп ойлаймын. Ин ша Аллах”, – деп жазған ол алғашқы жазбаларының бірінде.

Кейін жүзін жасырған жігіт дәріханада тұрған зейнеткерлерге алған дәрмегінің ақысын төлеп беріп, көшеде тегін нан таратып, иесіз жануарларды тамақтандырған видео жариялаған. Жігіт тек адамдарға емес, сонымен қатар жан-жануарларға да аса қамқорлық танытады. Атап айтқанда, құстарға ұя салып, қаңғырған күшікті жуындырып, ветеринарға апарып дәрі салғызған. Мысықтарды арнайы тағаммен қоректендірген видеолары да көпшілік көңілін жылытқан. Одан бөлек, бұл азамат қан тапсырып, жұртшылықты да айналаға көмектесуге шақырған. 

 

Сонымен қатар, бетпердедегі адам жұртшылықты өз жазбаларында мықты, қайсар әрі мейірімді болуға шақырады. 

Ал желі қолданушылары оның көбіне еліміздің батыс аймағындағы Орал, Ақтөбе қалаларында жүргенін көріп, оны Димаш, Қаракесек сынды жандарға ұқсатып, пікір қалдырған. Кей пікір білдірушілер Омар Амантаев деген есімді жазыпты. 

 

Еске салсақ, редакциямыз былтыр 2022 жылдың “Жыл адамы” ретінде елді жаңа бетке бұрып, “Жаңа Қазақстанның” құрылуына себепкер болған Қаңтар оқиғасының құрбандарын атаған еді. 

Талқылау