Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Кеудесіне екі рет оқ атып өлтірген”: Алматылық 20 жастағы бойжеткен тәртіпсіздіктер кезінде анасынан айырылған

Алматыдағы тәртіпсіздіктер кезінде қайғылы жағдайға ұшыраған бейбіт тұрғынның бірі – Томирис. Анасы Айтқұлова Нұралия Садықбекқызы 6 қаңтарда митинг кезінде кеудесіне оқ тиіп, қайтыс болған. Марқұм әйел алаңға белсенді ретінде шыққан. Бүгінде жалғыз қызы 20 жасында анасыз, жетім қалып отыр. Қайғылы оқиғаның мән-жайын Stan.kz тілшісі анықтады. 

Томиристің жеке архивінен

Томирис – анасының жалғыз қызы, бауырлары жоқ. Әкесіз өскен. Соңғы оқиғалар қабырғасын қайыстырған, жетім қалдым деп отыр. 

“Мен әкесіз өстім. Ол үш жасымда қайтыс болған”, – дейді бойжеткен.

Ал анасы – 48 жастағы  Айтқұлова Нұралия Төлеби Әуезов көшелері қиылысында орналасқан “Планета Электроники” дүкенінде кассир болып жұмыс істеген. Осыған дейін белсенді ретінде көзге түскен. 

“Алайда соңғы бір жарым жылда күйеуі және маған бола белсенділіктен тыс қалған”, – дейді қызы.

Айтуынша, анасы 6 қаңтарда сағат кешкі 7-лер шамасында Республика алаңында мерт болған. Ол кеудесіне тиген екі оқтан жараланып, көз жұмған екен.

Томиристің жеке архивінен

“Куәгерлер бар, бірақ біз оларды танымаймыз. Екі оқ оң жақ кеуде тұсына кіріп, қайта шыққан. Үсті көгерген, желкесі зақымдалған. 7 қаңтарда телефондағы соңғы номер бойынша тергеуші әпкеме хабарласқан. Қоңырау шалып, Космонавтов-Советская көшелері бойынша орталық мәйітханаға келіп, мәйітті тану қажет екенін айтты. Содан соң екі әпкем автоматпен қаруланған кісілердің көзінше мәйітханаға кіреді. Денені таныған соң, үлкен ағаларыма хабарласады. Кешке қарай тұрғылықты мекенжай бойынша Қарасай ауданына денені алып кеткен. 8 қаңтарда анамды жерледік”, – дейді қызы Томирис. 



Томирис анасымен соңғы рет сөйлескен естелігімен бөлісті. Оның сөзінше, Айтқұлова Нұралия 6 қаңтарда хабарласып, қызы екеуі жақын арада КИЗ-ге (Қарасай ауданындағы ауыл) үйге қайтатынын айтады.

“Мен анамды өлтіріп кеткен ауданда тұрып жатырмын. Сол күні анама қалада қалуға қорқып жатқанымды айттым. Түстен кейін сөйлескенде ол маған келіп, екеуміз үйге қайтамыз деді. Содан соң мен бірнеше рет анама қоңырау шалдым. Ол телефонын көтермеді. Келесі күні 7 қаңтарда сағат 1-лерге таман мен және отбасым осы трагедия туралы естідік”, –  деп есіне алады Томирис. 

Оның сөзінше, анасы өте тамаша адам болған. Ерекше қасиеттері бар абзал жан болды дейді қызы.

“Мейрімді, адал, дана, көңілді еді, ешқашан ешнәрсеге шағымданбайтын, мықты әйел болды. Ол – қызын әкесіз өсірген батыл ана. Өмірді сүйетін, өлуге асықпайтын. Дамыған, еркін елде өмір сүреміз деп армандайтын”, – дейді Томирис.

Оның айтуынша, туыстары анасының өліміне үкіметті кінәлі деп танып отыр.

“Менің ағаларым шіріген, жемқор үкіметті кінәлайды. Өткен қыркүйекте ғана нағашы апамды жер қойнына берген едік. Енді анамды жоғалттық.
Туыстарым үлкен шок алды, себебі апамның өлімінен соң әлі айықпаған едік. Бізге үлкен қайғы келді. Есімізді жия алар емеспіз. Өте қиын жағдайды бастан кешіріп отырмыз. Сондықтан әзірге ашқандай шара қолданылған жоқ. Бірақ біз мұны жайдан-жай қалдырмаймыз. Кінәлілер жазасын өтеуі тиіс”, – дейді бойжеткен.

“Анамның қаны тектен тек төгілген жоқ екеніне сенімдімін”, деп баса айтты ол.

“Біз барлық нәрседе өзгерістер талап етеміз. Анам тәуелсіз, дамыған елде өмір сүргісі келді, жарқын келешек үшін күресті, біз де осыны қалаймыз”, –  деді Томирис. 

Бойжеткен мемлекеттен ешқандай көмек алмағанын айтады. Бүгінде ол жетім қалғанын және көмекке мұқтаж екенін айтты. 

Қазіргі уақытта Айтқұлова Нұралия Садықбекқызының өліміне қатысты іс әлі қозғалмаған. Тек туыстары ғана өз беттерінше қайғылы жағдайдың мән-жайын зерттеуге тырысуда. 
 

 

Томириске құқықтық және материалдық көмек берем деушілерге:

+77075283707

Реквизиттер: KASPI GOLD 5169 4971 2770 5444 TOMIRIS IZGUTDINOVA

Талқылау