Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Сыныптасын әжетханада өлтірді деп айыпталған жасөспірімді сот ақтап шықты

Яп Шин Сюэнь
Фото: bbc.com

Малайзияда 16 жастағы оқушы қызды мектеп дәретханасында өлтірді деп айыпталған 14 жастағы жасөспірім сотта ақталды. Сарапшылар оның қылмыс кезінде психикалық ауруға шалдыққанын анықтаған. Судья жасөспірімді психиатриялық ауруханаға жіберіп, емдеуді тапсырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BBC.com порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Малайзиялық жасөспірім сыныптасын өлтірді деген атышулы іс бойынша ақталды. Сот оның қылмыс жасаған кезде психикалық тұрғыдан сау болмағанын анықтады. Ол Куала-Лумпур маңындағы орта мектептің дәретханасында 16 жастағы Яп Шин Сюэньге өлімге әкелген бірнеше соққы жасаған. Қыздың өлімі Малайзияны дүр сілкіндіріп, әлеуметтік желілердің балаларға ықпалы туралы кең пікірталас туғызды.

Полиция бұған дейін сол кезде 14 жаста болған жасөспірімге әлеуметтік желілердің әсері болуы мүмкін екенін мәлімдеген. Іс биліктің балалардың әлеуметтік желілерге қолжетімділігін шектеу туралы шешім қабылдауына себеп болған факторлардың бірі саналады. Жаңа шектеулер осы жылдың басында енгізіле бастады. Малайзия заңына сәйкес, жасөспірімнің аты-жөні жарияланбайды, өйткені ол әлі кәмелетке толмаған. Ол өзіне тағылған адам өлтіру айыбын мойындамаған. Сот барысында қорғаушылар жасөспірімнің қызды өлтіргенін жоққа шығармады. Алайда олар оның бірнеше жылдан бері психикалық денсаулығына байланысты проблемалары болғанын айтып, есі дұрыс болмағанына байланысты ақтауды сұрады.

Сарапшы-психиатрдың айтуынша, жасөспірімге шизофрения диагнозы қойылған. Ол тоғыз жасынан бастап психикалық ауру белгілері мен сандырақ ойлардан зардап шеккен. Мәлімет бойынша, оның жағдайы пандемия кезінде және кейін мектепке қайта барған кезде нашарлаған. Адвокаттар оның ауру белгілерін бақылау үшін өмір бойы дәрі қабылдауы қажет болуы мүмкін екенін айтты.

Дүйсенбіде судья жасөспірімді ақтау туралы шешім шығарды. Алайда оны психиатриялық ауруханаға орналастырып, емдеуді де тапсырды. Ол қоғамға қайта оралуға дайын деп танылғанға дейін ауруханада болады. Сондай-ақ оның жағдайы жыл сайын тексеріліп тұруы мүмкін. Қорғаушы адвокат дүйсенбі күні журналистерге сот шешімі шыққаннан кейін жасөспірімнің эмоциясы бейтарап болғанымен, істің қаншалықты маңызды екенін түсінетінін айтты. Сот отырыстары жабық түрде өтті. Сондықтан оған қоғам өкілдері мен БАҚ қатыса алмады.

Дүйсенбі күні түстен кейін қаза тапқан қыздың анасы интернетте қызына арнап көлемді естелік жазба жариялады. Ол "Кешір мені, қызым. Біз сен үшін әділдік іздеуді жалғастырамыз!" деп жазды.

Осы жағдай Малайзияны қатты дүр сілкіндіріп, әлеуметтік желілердің балаларға кері әсері туралы жалпыұлттық пікірталасқа себеп болды. Пікірталастың өршуіне полиция жасөспірімді ұстаған кезде оның жанынан табылған жазба да әсер етті. Кейін оның мазмұны интернетте тарап кетті. Кейбір адамдар істі Netflix-тің "Подросток" сериалындағы оқиғамен салыстырды. Сериалда сыныптасын өлтірген жасөспірім туралы баяндалып, интернеттегі радикалдану тақырыбы қозғалған.

Өткен жылы Малайзия премьер-министрі Анвар Ибрагимнен осы іс және мектептердегі басқа да зорлық-зомбылық оқиғалары туралы сұралған.

Жергілікті БАҚ оның сөзін келтіріп, мұндай мәселелердің "дерлік барлығы ұялы телефондар мен әлеуметтік желілерді пайдаланумен байланысты" екенін айтқанын жазды. Ол қатаң шаралар қарастырылатынын мәлімдеген. Билік балаларды қорғау және олардың зиянды онлайн-контентке ұшырауын азайту мақсатында жаңа ережелер енгізді. Маусым айынан бастап Малайзияда 16 жасқа толмаған балаларға ірі әлеуметтік желі платформаларында аккаунт ашуға тыйым салынды.

Еске салайық, бұған дейін АҚШ-та калифорниялық қыз Instagram мен YouTube платформаларын сотқа беріп, олардың алгоритмдері балаларды тәуелді етіп, психикасына зиян келтірді деп айыптады. Іс аясында Meta және Google жауапкершілігі қаралған. Сарапшылар бұл процесс АҚШ-тағы әлеуметтік желілерге қатысты басқа да істерге әсер етуі мүмкін екенін айтады.

Айым Атамбаева
Сейсенбі, 15 Қыркүйек, 2026 10:40