"Миллиондар жоғалттым": Қазақстандықтар трейдингпен айналысамын деп сан соғып қалғандарын айтты
Соңғы жылдары әлеуметтік желіде трейдинг арқылы қысқа уақытта мол табыс табуға шақыратын жарнамалар көбейді. "Күніне 100 мың теңге табуға болады", "үй мен көлік алуға мүмкіндік бар", "қаржылық еркіндікке жетесіз" деген уәделер көпшіліктің қызығушылығын оятады. Алайда жылдам табысқа қызығып, кейін жүздеген мың, тіпті миллиондаған теңгесінен айырылғандар да бар. Stan.kz тілшісі трейдингпен айналысып көрген Темірлан Ераханов, Ешмұхан Айманбет, Дамир Асемхан және осы саланы үш жылдан астам уақыт зерттеп жүрген Гүлден Жайлаубекпен сөйлесіп, трейдингтің тасасында не барын талқылады.
"Трейдинг курсын оқып, біраз ақшамнан айырылдым"
Темірлан Ераханов бір кездері трейдинг курсын оқып, осы саламен айналысып көргенімен, айтарлықтай қаржылай шығынға ұшыраған.
"Трейдинг курсын оқып, біраз қаражатымнан айырылып, сан соғып қалдым. Қазір бәрін түсініп, ешқандай маманға, жылтырақ жарнамаға көзсіз сенуге болмайтынын ұқтым. Трейдингке кіріп, шығынға батқандардың қатары қалың. Бірі 7-8 миллион, енді бірі 1 миллион, тіпті ең кемі 500 мың теңгесінен қағылып жатқандар бар. Бәріміз бірдей қақпанға түстік. Трейдинг туралы курс сататындар “жеңіл ақшаға апаратын қиын жол" деп бекер айтпайды екен ғой. Олар әуелі білім береміз деп сендіріп, айлакерлікпен келісімшартқа қол қойғызады. Оның бәрі өздерінің пайдасына ғана жасалған тұзақ екен. Артынан алданғаныңды түсініп, ақшаңызды қайтаруды сұрасаңыз: "Келісімшартқа өз еркіңізбен қол қойдыңыз" дейді. Бұл енді құжат түрінде заңдастырылған тонау ғой”, – дейді ол.
Оның пікірінше, трейдингтің ең қауіпті тұстарының бірі – адам шығынға ұшыраған сайын жоғалтқан ақшасын қайтаруға тырысып, нарыққа қайта-қайта қаржы сала беруі.
"Меніңше, казино мен ақша тігуден айырмашылығы жоқ. График көтеріледі, түседі. Ақшадан ұтылған сайын оны көбейткің келеді. Нарықты ешкім жеңе алмайды. Өздері де "он адамның екі-үшеуі ғана трейдер болады" деп айтып жатады. Меніңше, тіпті біреуі ғана қалатын сияқты. Трейдинг қазақты дамытпайтынына көзім жетті", – дейді Темірлан.
"500 мың теңгеге курс алып, бүкіл депозитімнен айырылдым"
Трейдингпен айналысып көрген Дамир Асемхан да бұл саладан көңілі қалғанын айтады. Оның сөзінше, ол шамамен бір жарым жыл бұрын трейдингке қызығып, 500 мың теңгеге курс сатып алған.
"Өзімнің жеке ойым – трейдинг мүлдем керек емес нәрсе. Осыдан бір жарым жыл бұрын айналысып көрген адам ретінде айтайын, қызықпаған дұрыс. Бұл да бір казиноның екінші түрі деп ойлаймын. Астана қаласынан бір жігіттен 500 мың теңгеге курс алдым. Ол өзінің авторлық стратегиясы бар екенін, шығынға ұшырамайтынымды айтты. Басында жақсы табыс болды. Бірақ кейін баға бір жаққа қарай қатты өсіп кеткен кезде стратегиясы жұмыс істемей қалды. Бүкіл депозитім көз алдымда күйіп кетті", – дейді Дамир Асемхан.
Оның айтуынша, бастапқы шығыннан кейін жоғалтқан ақшасын қайтаруға деген ой оны трейдингті жалғастыруға итермелеген.
"Күйген ақшамды қайтару керек деген оймен екінші аккаунтымда тұрған 200 доллармен жұмыс істеп жүрдім. Сол 200 долларды екі айдың ішінде 1700 долларға дейін жеткіздім. Сол кезде қайтадан ақша табуға болады екен деген сенім пайда болды. Содан кейін 2025 жылдың 10 қазанында биткоин бағасы 120 мың доллардан төмендеп, күн ішінде 105 мың долларға жуықтады.Сол кезде 1700 долларым көз алдымда бұлбұл ұшты. Ол күндер трейдерлер үшін өте ауыр күн болды", – дейді ол.
Дамир Асемханның сөзінше, дәл осы жағдайдан кейін оның трейдингке деген көзқарасы түбегейлі өзгерген.
"Сол кезден кейін трейдингке деген көзқарасым өзгерді. Бұл дұрыс емес нәрсе екеніне көзім жетті. Менің таныстарымның арасында да трейдингпен айналысқандар көп болды, бірақ біреуі де нәтижеге жеткен жоқ. Бірге курс алған кісілердің арасында да бірде-біреуі плюсқа шыққан емес. Бұл жерде тек ақша табатындар – курс сататындар сияқты көрінді. Курсын сатып, ақшаңды алғанша бәрі жақсы. Ал нақты трейдингке келген кезде жағдай мүлдем басқаша болуы мүмкін", – дейді Дамир Асемхан.
"Трейдинг білмеген кезде бақытты болыппын"
Саланың зардабын тартып, үлкен шығынға ұшыраған тағы бір азамат Ешмұхан Айманбет те өз басынан өткен тәжірибесімен бөлісті.
"Трейдинг деген – кәдімгі азарт ойыны. Ақша саласың, басында ғана табуың мүмкін. Кейін шығынға ұшырап, оның орнын толтырумен боласың. Трейдингте тек 0,01 пайыз адамдар ғана жетістікке жетеді деп ойлаймын. Әрине, өз пікірім. Келіспейтіндер де бар шығар. Бірақ трейдингті білмеген кезде бақытты болған екенмін. Курстан бөлек, 1 миллион 200 мың теңгеден көп шығынға ұшырадым. Қазір соның қарызы мен несиесін төлеп жүрмін. Курс алудың да қажеті жоқ, курста айтылғандардың бәрі YouTube-те тегін тұр. Минусқа кетіп, өзіме қол сала жаздадым. Қазір дамбалсыз қалдық. Танысым да лудоман болып, соның кесірінен отбасымен ажырасып кетті. Қанша миллиондарды салды. Шындығында трейдингпен байып жатқандар тек курс сатқандар ғана сияқты. Шынымен осы саламен айналысып, байып жатыр деген жандар шетелде бар болса, бар шығар. Ал Қазақстанда бар екеніне сенбеймін", – дейді Ешмұхан Айманбет.
"Егер трейдингпен байып жатса, неге курс сатады?"
Темірлан Ераханов трейдингті үйрететін курстардың жарнамасына да күмәнмен қарау керек деп есептейді. Оның айтуынша, кейбір оқытушылар адамдардың эмоциясына әсер ететін маркетингтік тәсілдерді, діни манипулияцияны қолданады.
"Егер трейдингті үйрететін адамдар осы саладан тұрақты түрде жақсы ақша тауып, байып жатса, неге курс сатады? Бұл сұрақты әр адам өзіне қоюы керек. Сату барысында діни манипуляцияны қолданады. “Алла қаласа”, “Ризықты беруші Алла” деген сияқты сөздерді маркетингке қосады. Адамның эмоциясымен ойнайды. Қаржылық шешімді эмоциямен емес, есеппен қабылдау керек", – дейді ол.
Темірланның сөзінше, тағы мәселе – адамдардың трейдингке несие алып кіруі.
"Трейдингке жетіскен адам келмейді. Ақшадан қысылып жүрген адам оқуына несие алады, кейін трейдингке тағы шығындалады. Әлеуметтік желіде "Бір күнде шәкірттеріммен бірге 100 мың теңге таптым" деген сияқты жарнамалардан көз сүрінеді. Мен өз басым ондайды көрген жоқпын. Халық трейдингке құртатын ақшасын кәсіпке салған әлдеқайда дұрыс. Ең дұрысы, дәстүрлі бизнеске барған жөн", – дейді ол.
Ал Дамир Асемхан трейдингке қызығып жүрген кезде бірнеше маманның әлеуметтік желідегі контентін бақылап, олардың курстарына қатысты ақпараттарды да зерттегенін айтады. Оның сөзінше, осы тәжірибеден кейін курс сататын трейдерлерге деген сенімі азайған.
"Мен өз тәжірибемнен кейін трейдинг саласында өзін маман ретінде көрсетіп, курс ұсынып жүрген адамдардың бәріне бірдей сене беруге болмайтынын түсіндім. Мысалы, Ұласхан – Астана қаласынан, Бекасыл КММ – Алматы қаласынан, Фархат Құрманғалиев, Аманжол Рысмендиев, Артур – Алматы қаласынан. Менің жеке пікірім бойынша, осы адамдардың контенті мен қызметіне өте мұқият қарау керек. Мен оларды негізінен курс сатуға бағытталған адамдар ретінде қабылдаймын. Әрине, бұл – менің жеке тәжірибем мен пікірім, сондықтан әр адамның өзіне қатысты ақпаратты өзі тексергені дұрыс", – дейді ол.
"Трейдингтің өзі казино емес, бірақ білімсіз кірсеңіз – айырмашылығы жоқ"
Ал трейдинг саласын үш жылдан астам уақыт зерттеп жүрген маман Гүлден Жайлаубек бұл саланың тәуекелі жоғары екенін мойындайды. Бірақ ол трейдингтің өзін құмар ойынмен теңестіруге болмайтынын айтады.
"Трейдинг саласын зерттеп келе жатқаныма үш жылдан асты. Әлі де "зерттеушімін" деп айтсам болады. Өзім инстаграм әлеуметтік желісіндегі мамандардан білім алдым. Трейдингпен айналысудағы ең басты тәуекел – сіздің қаражатыңыз дер едім. Трейдингті үлкен бизнес деп қарайтын болсақ, бизнесте үнемі тәуекелдер болады. Мұнда да сондай", – дейді маман.
Оның айтуынша, жаңадан келген адам бірден үлкен қаражат салмауы керек. Алдымен нарықтың қалай жұмыс істейтінін түсініп, тәжірибе жинаған жөн.
"Демосчет деген болады. Жаңадан келген адамдарға алдымен демосчетпен жұмыс істеуге кеңес беремін. Яғни ақша салмайды. Жаңадан келе салып, шынайы ақша салуға мүлдем болмайды. Ең кемі екі-үш ай практика болуы керек. Трейдингпен бір айда миллионер болу мүмкін емес. Бұл жерде білім аласыз. "Алма піс, аузыма түс" деген немқұрайлықпен қарауға болмайды", – дейді Гүлден.
Гүлден Жайлаубек трейдинг пен казиноның арасындағы басты айырмашылық білімде екенін айтады. Алайда білімсіз және эмоцияға беріліп жасалған сауда құмар ойынға ұқсап кетуі мүмкін.
"Трейдингті құмар ойыны деп айтып жатады. Ол құмар ойыны емес. Үлкен білім мен еңбектің нәтижесі. Бірақ білімсіз кірсеңіз, құмар ойыннан айырмашылығы жоқ. Өз-өзіне ие бола алмайтын, психологиясы әлсіз адамдарға трейдингке жоламаған дұрыс. Лудоман сияқты қайта-қайта ақша салғысы келіп тұруы мүмкін. Трейдингте жалтырақ жарнамаға сенуге болмайды. "Үй алып кетесің, машина алып кетесің" деген дүниелерге сақ болу керек", – дейді маман.
"500 мың теңгеге курс алудың қажеті жоқ"
Маман трейдинг курстарын таңдағанда да абай болуға шақырады. Оның пікірінше, қымбат курс міндетті түрде сапалы білім береді деген сөз емес.
"Бірінші, қымбат курс алмау керек. Ары кетсе, 100 мың теңгеге оқу керек деп ойлаймын. 500 мың теңгеге беріп жатқан білімнің бәрі 100 мың теңгенің білімі болуы мүмкін. Бәріне бір дүние. Ешкімде ешқандай құпия стратегия жоқ", – дейді маман.
Ол өзінің тәжірибесінде трейдингтен пайда тапқан адамдардың тым аз екенін де айтты.
"Практикамда трейдингпен пайда тапқандар тым аз. Адамдар жалқау. Сондықтан аз. Трейдинг – оңайлықпен келетін ақша емес. Бірақ өзім трейдингтен күнделікті 5-10, кейде 20 мың теңге пайда табамын. Жалпы, трейдингте ақша бар. Білім алған, тұрақты айналысқан адам күнделікті 5-10 мың теңге таба алады деп нақты айта аламын. Бірақ нақты нәтиже әр адамда әртүрлі", – дейді ол.
"Трейдингке кірмес бұрын өз психологияңды да білуің керек"
Трейдингке қатысты тағы бір маңызды мәселе – адамның психологиялық жағдайы. Ақша жоғалтқан адам оны қайтару үшін қайтадан қаржы салуы, ал пайда тапқан адам бұрынғыдан да көп ақша табуға ұмтылуы мүмкін. Мұндай әрекет адамның шешім қабылдауына әсер етіп, тәуекелді одан әрі арттыруы ықтимал.
Осы мәселені Stan.kz тілшісі психолог Айгүл Кеңесбекпен де талқылады.
Маманның айтуынша, адамның қаржылық шығынға реакциясы оның психологиялық жағдайына байланысты. Әсіресе адам жоғалтқан ақшасын міндетті түрде қайтару керек деген ойға байланып қалса, жағдай қиындай түсуі мүмкін.
Психолог трейдингпен айналысатын адам эмоциясын бақылауы қажет екенін атап өтті. Қорқыныш, ашкөздік, өкініш немесе "қазір ұтылып жатырмын, енді міндетті түрде қайтаруым керек" деген ой қаржылық шешімге әсер етпеуі тиіс.
Маман трейдингке қызығатындарға бірнеше кеңес берді.
- 1. Жоғалтқан ақшаңызды бірден қайтаруға тырыспаңыз.
- Шығыннан кейін эмоциямен қайтадан ақша салу жағдайды одан әрі қиындатуы мүмкін. "Қазір қайтарамын" деген ойдың жетегінде шешім қабылдамаған жөн.
- 2. Алдын ала нақты шек белгілеңіз.
- Трейдингке қанша қаражат жұмсай алатыныңызды алдын ала анықтап, сол сомадан асырмау маңызды. Несиеге немесе қарызға ақша алып сауда жасау тәуекелді арттырады.
- 3. Күнделікті өміріңізге кедергі келсе, тоқтаған дұрыс.
- Егер адам үнемі графикті тексеріп, ұтылғанын ойлап, жұмысынан, оқуынан немесе жақындарынан алыстай бастаса, бұл дабыл белгісі болуы мүмкін.
- 4. "Ұтылсам да, тағы бір рет байқап көремін" деген әдетке мән беріңіз.
- Бір шығынның артынан екіншісі келіп, адам тоқтай алмай ақша сала берсе, өз әрекетіне сырт көзбен қарағаны жөн.
- 5. Трейдингті негізгі табыс көзі ретінде қабылдауға асықпаңыз.
- Әлеуметтік желідегі басқа адамдардың табысын өз нәтижесімен салыстыру адамның психологиялық қысымын күшейтуі мүмкін. Әр адамның қаржылық мүмкіндігі мен тәуекелге төзімділігі әртүрлі.
- 6. Эмоциямен шешім қабылдамаңыз.
- Қатты қуаныш, қорқыныш немесе ашу кезінде қаржылық шешім қабылдамаған дұрыс. Сабырға келіп, жағдайды қайта бағалау қажет.
- 7. Өзіңізді бақылай алмасаңыз, маманнан көмек сұраңыз.
- Егер адам ақша салуды тоқтата алмайтынын сезсе, шығынға қарамастан қайта-қайта әрекет ете берсе немесе бұл жағдай оның күнделікті өміріне әсер ете бастаса, психологқа немесе тәуелділік мәселесі бойынша маманға жүгінген жөн.
“Мәселе тек трейдингте ғана емес, адамның оған қандай мақсатпен және қандай психологиялық күйде кіретінінде. Тез әрі оңай ақша табуға деген шамадан тыс үміт адамның тәуекелді бағалау қабілетін төмендетуі мүмкін”, – дейді маман.
"Миллиондар жоғалттым": Қазақстандықтар трейдингпен айналысамын деп сан соғып қалғандарын айтты