Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Талғарда қызметін пайдаланып, аквапаркте тегін демалған екі полицей ұсталды

полиция
Фото: ChatGPT

Алматы облысында Талғар аудандық полиция басқармасының екі қызметкері жемқорлық жасады деген күдікпен ұсталды. "Время" газетінің жазуынша, олар жергілікті аквапарк басшысынан өздері мен жақындарына қызметті тегін көрсетуді талап еткен. Соның салдарынан демалыс орнына 500 мың теңге шығын келген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "Время" газетіне сілтеме жасап хабарлайды.

Оқиға шілде айының басында Талғардағы Aquasia Resort аквапаркінде басталған. Демалыс орнына келген әйелдердің бірі жарақат алғаннан кейін қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін қызмет көрсету дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Алайда тамыздың соңында қылмыс құрамы болмағандықтан іс тоқтатылған. Газет мәліметінше, бұл шешімді Талғар ауданының прокуратурасы мақұлдаған.

Осы істі жүргізген анықтаушы мен оның басшысы кейін аквапарк директорынан өздері мен отбасы мүшелеріне түрлі қызметті тегін көрсетуді талап ете бастаған. Материалда кәсіпкер сол кезде өзіне қатысты қылмыстық істің тоқтатылғанын білмеген болуы мүмкін екені айтылады.

"Екі полиция қызметкері мен олардың жақын туыстары Aquasia Resort-та тегін демалып, мекемеге 500 мың теңге шығын келтірген. Кейін олар аквапарк қызметін әрі қарай да ақысыз пайдаланбақ болған. Полицейлер кіру билеттерін, мейрамхана қызметін және демалуға арналған үйлерді тегін беруді талап еткен. Мұның бәрі кәсіпкерге қатысты қылмыстық істің тоқтатылғаны үшін жасалатын “алғыс” ретінде сұралған", – деп жазады "Время" газеті.

Осыдан кейін аквапарк директоры Алматы облысы ҰҚК департаментінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметіне арызданған. Ол тәртіп сақшылары демалыс орнына кіру, мейрамхана мен үйлерді пайдалану сияқты қызметтерді тегін көрсетуді талап етіп жүргенін хабарлаған.

Газет дерегінше, ҰҚК департаментінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің мамандары екі полицейді қолға түсірген. Одан кейін олардың қызметтік кабинеттерінде тінту жүргізіліп, оған Алматы облысы полиция департаментінің өзіндік қауіпсіздік басқармасының жедел қызметкерлері де қатысқан.

"Екі қызметкер ұсталғаннан кейін Талғар аудандық полиция басқармасына облыстық полиция департаментінің көшпелі тәртіптік комиссиясы келді. Екі полицей де жемқорлық әрекеттеріне байланысты жеке құрамның алдында қызметтен шығарылды. Қазір анықтаушы мен оның басшысына қатысты қылмыстық іс тергеліп жатыр", – делінген материалда.

"Время" газетінің жазуынша, тергеу алдын ала сөз байласқан адамдар тобының қорқытып пара талап етуі бабы бойынша жүріп жатыр. Аталған бап 12 жылға дейін бас бостандығынан айыруды, мүлкін тәркілеуді және мемлекеттік әрі құқық қорғау органдарында өмір бойы қызмет ету құқығынан айыруды көздейді.

Қарлығаш Асқарова
Сейсенбі, 15 Қыркүйек, 2026 09:34