Келесі жылы Қытайда кез келген қазақстандық банк қосымшасы арқылы QR-кодпен төлем жасау мүмкіндігі енгізілмек
Қазақстан ұлттық QR-төлем жүйесін бірнеше елдің төлем жүйелерімен біріктіруді жоспарлап отыр. Жоба іске асса, қазақстандықтар шетелде өз банкінің қосымшасы арқылы QR-кодпен төлем жасай алады. Шетел азаматтары да Қазақстанда осы тәсілмен есеп айырыса алады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ұлттық банктің Төлем жүйелері және цифрлық қаржы технологиялары департаментінің директоры Ерлан Ашықбековтің айтуынша, қазір Қытай, Біріккен Араб Әмірліктері, Өзбекстан, Қырғызстан, Үндістан және басқа мемлекеттермен осы бағытта жұмыс жүріп жатыр. Әр елмен жеке жоспар әзірленген.
"Кейбір елдермен сынақ жұмыстарын биылғы жылдың соңында бастаймыз. Мәселен, Қытаймен пилоттық жоба осы жылдың соңына жоспарланған. Егер сынақ сәтті өтсе, келесі жылы қазақстандықтар кез келген банктің қосымшасы арқылы Қытайда QR-кодпен төлем жасай алады. Қытай азаматтары да Қазақстанда дәл осылай төлей алады", – деді ол.
Өзбекстанмен QR-төлемдерді байланыстыру жөніндегі меморандум өткен аптада жасалған. Ал басқа елдермен жүйені іске қосу мерзімі әртүрлі. Кейбірінде бұл келесі жылы жүзеге асуы мүмкін, енді бірінде үш жылға дейін созылады.
Сонымен қатар Қазақстанда бірыңғай QR арқылы жасалатын операцияларды қосылған құн салығынан босату ұсынылып отыр. Ұсыныс жобалық кеңседе тұжырымдамалық тұрғыда қолдау тауып, қазір Ұлттық банк пен Үкімет оның тетіктерін пысықтап жатыр. Түзетулер Құрылтайдың осы сессиясында қарауға ұсынылуы мүмкін.
Алайда ҚҚС-тан босату кәсіпкерлер үшін банк комиссиясы бірден төмендейді дегенді білдірмейді. Әр банк тарифін өзі белгілейді. Ашықбековтің мәліметінше, 2022–2023 жылдары кәсіпкерлер төлейтін комиссия орта есеппен 2–2,5% болса, қазір банкке қарай 1–1,5% шамасында. Ұлттық банк бірыңғай QR жүйесінің дамуы банктер арасындағы бәсекені арттырып, алдағы уақытта бұл шығынның төмендеуіне ықпал етуі мүмкін деп есептейді.
